Арыста марокко шегірткесіне қарсы күрес қарқынды жүргізілуде. Ауыл шаруашылығына зор қауіп төндіретін жәндіктің таралуына жол бермеу мақсатында, мамандар улау шарасымен айналысуда. Жұмыс тиімділігін арттыру үшін қала аумағында 3 әуе көлігі, 100 бүркігіш, 21 су тасымалдаушы техника күн сайынғы дәрілеу жұмыстарына жұмылдырылған.
Жергілікті әкімдік мен сала мамандары бірлесе отырып, 22 секторда жалпы саны 450 анықтаушы маман және жауапты қызметкерлер өздеріне жүктелген аумақтарда күнделікті бақылау және күрес шараларын жүргізуде. Мәселен, Арыс қаласы әкімдігі тарапынан – 160 дана, ветеринария басқармасынан – 100 дана, табиғат қорғау басқармасынан – 150 дана ранцевый бүріккіш аппарат шегірткелерге қарсы залалсыздандыру шараларына тартылған.
Нұрбол Бекмұратов, Түркістан облыстық аумақтық инспекция басшысы: «Әр ауданға жауапты басшылар мен мекеме басшылары бекітілді. Осы зиянкестерге қарсы, жұмыстарды тиімді ұйымдастыру мақсатында 65 аумаққа жатын орындар, 206 химиялық ерітінді дайындайтын су көздері, анықтаушыларды таситын 86 автобус, 45 су таситын көліктер жұмылдырып отыр. Бүгінгі таңда, 1 млннан астам га 250 га анықтау жұмыстары жүргізілді. Оның, 95 мың га химиялық өңдеуден жүргізіліп отыр».
Мамандар шегіртке көп шоғырланған алқаптарға арнайы шатырлар тігіп, далалық жағдайда тұрақты түрде қонып жұмыс істеуде. Өйткені, шегірткелердің белсенділігі таңғы сағат 5-6 шамасында жоғары болады. Ал, күн көтеріле келе зиянкестер көлеңке мен бұта арасына жасырынып қалады екен.
Рысдәулет Айтбаев: «Аса қауіпті морокко шегірткесіне Арыс қаласы бойынша ертерек басталды. Қаңтар айынан басталды десек те болады. Бұл мезгілде, аумақтық инспекция, болжам мамандарымен бірлесіп, осы 2024 жылы мамандармен анықталған ошақтарында, қосымша белгілерді белгілеп, бірсыпыра өткен болатынбыз».
Рақымжан Есалы, Шаруа қожалықтың егесі: «Осы жерде толық шегірткемен кұрес жүргізіліп жатыр. Егерде уақытында жоймасақ, жерді жайпап кету қаупі бар. Малға жайылымдық жерлер қалмайды. Сол үшін залалсыздандыру жүргізіп жатқан мамандарға, әкімшілікке рахмет айтқым келеді».
Айта кетейік, зиянкестерге қарсы күрес шараларына жергілікті шаруа қожалықтары да белсенді атсалысуда. Олар дәрі себуге қажетті суды өз құдықтарынан беріп, улау техникаларын сумен қамтамасыз етуде үлкен қолдау білдіруде. Сонымен қатар, шегірткелердің таралу ошақтарын дер кезінде анықтау ісінде анықтаушы мамандарға көмек көрсетіп, шұғыл ақпарат жеткізуде.
Нұргүл Жолымбетова