Балаларын дұрыстап тәрбиелемеген 45 ата-ана профилактикалық есепке қойылды

фото ТОПД
Түркістан облысында кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу, қоғамдық тәртіпті нығайту, жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру және қауіпсіз қоғам құру мақсатында республикалық жедел-профилактикалық іс-шара өткізілуде.
Тәртіп сақшылары кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта серуендеуі, олардың үйден тыс жерде болуы немесе заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз ойын-сауық орындарына баруының алдын алуға, кәмелетке толмағандарға алкоголь мен темекі сату фактілерінің, сондай-ақ басқа да құқық бұзушылықтардың жолын кесуге ерекше назар аударуда.
Мысалы Бәйдібек ауданындағы рейдтік жұмыстар барысында полицейлер 17 жастағы жасөспірімге алкоголь сату фактісін анықтады. Ал Мақтаарал ауданында дүкен сатушысы кәмелетке толмаған балаға темекі сатқаны үшін әкімшілік хаттама толтырылды.
Жалпы «Жасөспірім» іс-шарасы кезінде ішкі істер органдарына 1300-ден астам кәмелетке толмаған жеткізілді, ал құқық бұзушылыққа бейім 52 жасөспірім мен балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді атқармайтын 45 ата-ана профилактикалық есепке қойылды, олармен түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Сонымен қатар полицейлер оқу орындарында түрлі дәрістер мен бейнероликтер көрсету, жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, заңды сақтаудың маңыздылығын түсіндіру және жауапкершілікті қалыптастыру мақсатында танымал әртістермен, спортшылармен және блогерлермен кездесулер ұйымдастыруда.