Биыл жылыту маусымы кезінде 6 адам қаза тапты. Бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда екі есе көп. Төтенше жағдайлар департаменті қайғылы оқиғалардың алдын-алуға тырысқанымен, ажал құшқандардың өміріне араша бола алмады.Тіпті, биыл жарақат алғандардың да саны артқан. Статистиканың көбеюіне не себеп болды. Салғырттық па? Әлде тұрғындардың жауапсыздығы ма?
Өрт бақылау басқармасының бастығы Нұрболат Педен, жылыту маусымының аяқталуын қорытындылады. Алайда, статистикалық мәліметтері көңіл көншітерлік емес. Өйткені, биыл 6 адам ажал құшқан. Ал, жарақат алғандардың саны едеуір артып отыр.
Нұрболат Педен, Шымкент қаласы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы: «2024 жылғы 1 қазаннан бастап 109 өрт (2023-2024 жылы – 55 өрт; 28,2%-ға өскен) тіркелді. Өрт салдарынан материалдық шығын 115 млн. 429 мың 750 теңгені құрады (2023-2024 жылы – 104 млн. 270 мың. теңге; 10,6%-ға өскен), қаза тапқандар 6 адам (2023-2024 жылы – 3 адам; 2 есеге өскен). Өрттен 1 млрд. 012 млн. теңге материалдық құндылықтар құтқарылды (2023-2024 жылы – 627 млн. 750 мың теңге; 2 есеге өскен) бұл жақсы көрсеткіш».
Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ ТЖ қызметкерлерінің еңбек жағдайын жақсартуға арнайы құрылғылар берілген. Мәселен, бейнетіркегіштер, дрондар, байланыс құралдары, жарықтандыру жабдықтары және зерттеу жүргізуге арналған құралдар қарастырылған. Бірақ, профилактикалық жұмыстарды атқаруға келгенде ақсап тұрғанымыз бар. Өйткені, жақында ғана жер сілкінісі орын алды. Дегенмен қала тұрғындарының бірде-бірі хабарландыру алмаған. Тіпті, дабыл жүйесі де іске қосылмады. Себебін де сұрап көрдік.
Нұрболат Педен, Шымкент қаласы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы: «Жер сілкінісі мәселесіне келейін. Табиғат құбылысы айтып келмейді. Оны ешқандай институт, мекеме нақтылап болжамдай алмайды. Ауа — райының өзін болжамдап айтады ғой. Ең болмағанда, екі-үш күндігін айтады. Жер сілкінісін ешкім айта алмайды. Бір Құдай біледі. Екі баллдық, бір баллдық тіркеліп жатыр ғой. Оны адамдар байқап жатқан жоқ. Оны арнайы құрылғылар детекторлар қабылдап, сосын барып хабарлап жатыр. Дабыл жүйесі неге қосылмағанын білмеймін. Оны нақты айта алмаймын».
Аталмыш департаменттің техникалық базасы жаңа құрылғылармен толықтырылғанымен, кәдесіне жарата алмай отыр ма деп қалдық. «Өйткені, өзінің нормалары бар» деп ақталды Нұрболат Педен. Айтуынша, бұл сұрақтарға жауап беру, оның құзыретіне кірмейді екен. Тіпті, профилактикалық жұмыстарға бөлінетін қаржының көлемінен хабарсыз екенін жеткізді. Олар, өз еріктерімен, үйлерді аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізетін көрінеді.
«Осы үшін қызметкерлер айлық алып отыр. Біздің мамандар, үйлерді аралап, тұрғындармен әңгімелеседі. Түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. Бастысы жұмыс жасап жатыр. Ал, қаржы үлкен жарнамалық баннерлерге бөлінеді. Ал, жалпы қанша қаржы бөлінгенін білмеймін, — деді.
Айта кетейік, 2024 жылы 1 қазаннан бастап, 109 өрт оқиғасы тіркелген. Нәтижесінде бюджетке 115 млн. теңгеден астам залал келді. Ал, жарақат алғандардың саны 83 пайызға артып, биыл 11 адамды құраған.
Нұргүл Жолымбетова