«Ерлікке тағзым». Осындай атаумен Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай, даңқ мемориалында тазалық акциясы өтті. Күтіп-ұстау, тазарту жұмыстарына еріктілер мен жауапты мекеме қызметкерлері және жастар қатысты. Олар, соғысқа қатысқан сарбаздардың есімдері жазылған «Даңқ аллеясының» шаң-тозаңдарын жуып, қоқыстан тазартты.
Әлихан Қайратұлы атасы Жетес Шынарбаевтың ерлігіне тағзым жасау мақсатында жылда осы даңқ мемориалына келіп тұрады. Ол соғыс ардагерінің айтқан естеліктерімен өсіп-өндік деп отыр. Майдангердің ұрпағы елі үшін жанқиярлықпен жауға қарсы тұрған атасының батылдығын мақтан тұтады.
Әлихан Шынарбаев, ҚР ІІМ ҰҰ 6698 әскери бөлімінің қызметкері: «Атамның жолын қуып, әскерге деген қызығушылығым артқан. Менде әскерге келдім. Менің атамның есімі жазылған жерге келіп, еске алуға келсем, тазалық жұмыстары жүріп жатыр екен. Өте жақсы. Осындай тазалық жұмыстары жалғаса берсе».
Тазалық акциясына қатысушылар, тарихи құндылығымызды сақтау мен ата-баба ерлігіне құрмет көрсету мәселесін үнемі назарда ұстау керек деп біледі. Айтуларынша, Жеңіс күні – әрбір қазақстандықтың жүрегінен ерекше орын алатын мереке. Сондықтан, мемориалды таза ұстап, күл-қоқыстан арылту әрбір азаматтың міндеті дейді.
Алишер Усманов, жұмысшы: «Дәл қазір жылтырату жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Сондықтан, қала тұрғындарынан, қонақтардан таза ұстауды сұраймыз. Аяқпен таптамаса екен дейміз. Бұл жерге гүл алып келуге, қоюға болады. Бірақ, өтініш таптамаңыздаршы».
Бүгінде Даңқ мемориалындағы сыры кеткен ер есімдері қайта жаңартылып, кезінде ескерусіз қалып қойған кейбір ардагерлердің есімдері жазылып, толықтырылған. Бұдан бөлек, саябақта сынып қалған керамограниттер ауыстырылып, әрлеу жұмыстары жүргізілді.
Марат Әбдірахманов, Қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы басшысының орынбасары: «Абай паркінде, қазіргі таңда 250-300 кв шаршы метр граниттер ауыстырылды. Толығымен полировка жұмыстары жасалып, аттары жазылған сөздері жерлердің бәрі боялып, дайын тұр. Ескерткіштерді күтіп-ұстауға 125 млн. теңге бөлінген. Оның ішінде 632 кв метр керамо-граниттерін ауыстыру, бояу, жуып және жарықтарын ауыстыру қарастырылады. Қазіргі таңда басқармаға қарасты 50 ескерткіштің барлығында жарықшамадары жанып, боялатын жерлері боялып дайын тұр».
Айта кетейік, қала бойынша 50 ескерткіштер орнатылған аумақ бар. Оларды күтіп-ұстау үшін мемлекет қазынасынан 125 млн. теңге бөлінген. Бүгінге дейін, 450 шаршы метр керамограниттер ауыстырылып қойған.
Нұргүл Жолымбетова