Грантты мақсатсыз жұмсағандар жазалануда

Шымкентте 36 азамат грантты мақсатсыз пайдаланған. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек мәлімдеді. Айтуынша, кейбір қала тұрғындары әлеуметтік осал топтарға қолдау көрсетуді теріс түсінген. Олар алған қаржыны бизнеске емес, өзге заттарға жұмсап жіберген. Енді, заң алдында жауап бермек. Бұдан бөлек, қаламызда жұмыссыздық деңгейі төмендеп, әлеуметтік көмек алушылардың саны азайған.

Әлеуметтік осал топтарға қолдау көрсету мақсатында, былтыр бизнес бастауға 428 азаматқа грант берілген. Бірақ, олардың арасында мемлекеттік қолдауды теріс пайдаланғандар да бар. Мәселен, 36 адам қаржыны тиімсіз жұмсап жіберген. Ал, кейбіреуінің заңсыз әрекеті сотпен қаралмақ.

Сәрсен Құранбек, Қала әкімінің орынбасары: «Халықтың әлеуметтік осал топтарға қолдау көрсету мақсатында, 2019 жылдан бері бизнес бастауға 400 АЕК-ке дейінгі қайтарымсыз грант беріліп келеді. 2024 жылы 428 азаматтың бизнес-жобасы комиссия шешімімен мақұлданып, әрқайсысы 1 476 800 теңге көлемінде қаржы алған. Бұл бағыттағы мониторинг нәтижелері бірқатар олқылықтарды да көрсетті. Атап айтқанда, 2024 жылы 36 азамат грантты мақсатсыз пайдаланғаны анықталып, олардың 10-ының ісі сотқа жолданған. Қалған 26 азаматпен бюджетке қаржы қайтару жұмыстары жүргізіліп жатыр».

Ресми өкілдің сөзіне сенсек, бизнес бастауға берілген қаржыны талан-таражға салғандардың саны жыл сайын азайып келеді. Мәселен, 2023 жылы 130 — дан астам адам грантқа бөлінген қаржыны мақсатсыз пайдаланса, бұл көрсеткіш едеуір төмендеді деп отыр.

Сәрсен Құранбек, Қала әкімінің орынбасары: «2023 жылы грант алған адамдардың 138-і өздерінің грантын нысаналы мақсатқа пайдаланбаған. Ал, 2024 жылы көрсеткіш 36 адамға дейін төмендеген. 138 адам бойынша 158 млн. теңгеден астам қаржы бюджетке қайтарылуы керек. Нысаналы мақсатқа жұмсалмағаны үшін. Оның қайтарылғаны 45 млн. теңгеден астамды құрайды. Оның қалған 112 млн. теңгеден астамы қаржы бойынша бүгінгі таңда жұмыстар жүргізілуде».

Айта кетейік, биыл тағы 260 азаматқа қайтарымсыз грант беру көзделуде. Өтінім қабылдау күні Республика бойынша алдын ала хабарланып, бір күнде өткізіледі дейді мамандар. Бұдан бөлек, брифинг барысында жұмыссыздық деңгейі сөз болды. Жауаптылардың айтуынша, бүгінге дейін 10 мыңға жуық адам түрлі бағдарлама аясында жұмысқа орналасқан.

Сәрсен Құранбек, Қала әкімінің орынбасары: «Жалпы Шымкент қаласында 2025 жылға дейін жалпы 49 513 азаматты жұмыспен қамту шараларына тарту жоспарланған. Осы жылдың 1 сәуіріне дейін 9 737 адам түрлі бағдарлама аясында жұмысқа орналасқан.
Қаланың еңбек нарығындағы жағдай тұрақты: 2024 жылы жалпы жұмыссыздық деңгейі 4,8%-ды, ал жастар арасындағы жұмыссыздық 3,5%-ды құрайды».

Ал, Шымкентте атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны қысқарған. Нақтырақ айтар болсақ, 2025 жылдың алғашқы тоқсанында 22 215 адамға көмек тағайындалды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 35,1 пайызға азайған. Керісінше, ерекше жандар мен қарттарға әлеуметтік қолдау шаралары күшейтіліпті. Мәселен, 16 мыңнан астам мүгедектігі бар адамдарға бюджеттен 14,7 миллиард теңге бөлінген.

Нұргүл Жолымбетова