Саңырауқұлақты жинау мен сатып аларда оның түрлерін ажырата білу өте маңызды. Ажырата білмей, улы саңырауқұлақты пайдалану адам ағзасының өте ауыр деңгейдегі улануына әкеліп, тіпті өлім жағдайына да жеткізеді. Сондықтан ағзаның улану жағдайлары қалай өрбитінін, алғашқы көмек пен уланудың алдын алу шараларына қысқаша тоқталып өтеміз.
Жалпы саңырауқұлақтар жеуге болатын және болмайтын болып бөлінеді. Саңырауқұлақтан уланудың басты себебі оларды ажырата білмеу. Күмәнданатын болсаңыз алмағаныңыз жөн.
Улы саңырауқұлақтарды пайдаланғанда ағзада уланудың алғашқы белгілері төмендегідей болады: құсу, іштің ауруы, диарея, аса көп мөлшерде терлеу мен сілекейдің бөлінуі, бронхта сұйықтың жиналуы соның салдарынан қақырықты ылғалды жөтел, дем алудың қиындауы, жүрек соғуының төмендеуі, көз қарашығының кішіреюі сияқты белгілер пайда болғанда тез арада жедел жәрдемге жүгіну қажет.
Сондықтан саңырауқұлақты жинауда және сатып аларда төмендегі бірнеше ережелерге назар салыңыз:
-
Өзіңіз жақсы білетін саңырауқұлақты ғана алыңыз;
-
Саңырауқұлақтар тез бұзылатын өнім болғандықтан жылы орында ұзақ сақтауға болмайды. Қайта жылытып пайдаланар кезде де аса сақтық қажет;
-
Тұздалған саңырауқұлақтарды цинктелген, алюминді, қыш ыдыстан жасалған ыдыстарда сақтауға болмайды;
-
Саңырауқұлақтың қандай түрі болса да пісірмей тұрып дәмін татуға және жинау кезінде балаларға саңырауқұлақты Сіздің рұқсатыңызсыз ұстауға болмайтынын, үй жағдайында пісіргенге дейін балалардың қолы жетпейтін жерге қойылуын қадағалаңыз;
-
Дайындау кезінде әзірлеу технологиясын яғни, шыны ыдысты, қақпақты стерильдеу мен өнімді термиялық өңдеуден өткізуін қатаң түрде сақтаңыз;
-
Үй жағдайында консервленген саңырауқұлақты пайдаланар алдында 15-20 минут қайнатып барып пайдаланған абзал;
-
Иісі, түсі бұзылған, жабын қақпағы көтерілген (бомбаж) консервленген саңырауқұлақты пайдаланбаңыз.
Жоғарыда аталған ережелерді сақтау өзіңіздің, отбасыңыздың денсаулығын сақтауға кепіл бола алатынын ұмытпаңыз!
Л.Туртаева,
Шымкент қаласы
Еңбекші ауданының СЭББ басшысы