Түркістан қаласының ауданаралық сотында Браткованың жауапкерлер Түркістан облысы Полиция департаменті мемелекеттік мекемесіне және ҚР Қаржы министрлігіне қойған материалдық шығын мен моральдық зиянды өндіру туралы талабы қаралды.
Браткова ЖШС-де директордың көмекшісі қызметін атқарған уақытта, ҚР ҚК-нің 190-бабымен жұмыс берушінің үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша, қорғану құқығы бар куә ретінде танылған.
Сол аралықта, Браткованың кәмелет жасқа толмаған ұлы оқу мақсатында Түркия елінде уақытша болған. 2024 жылдың шілде айында Браткова кәмелет жасқа толмаған баласын алып келу үшін Шымкент- Стамбул бағытында әуе билетін сатып алып, 2024 жылдың 19 тамызында ұшып кетуі тиіс болған. Алайда ұшу күні Шымкент қаласының әуежайында тіркеуден өту кезінде Браткова ҚР шекара қызметкерлерімен ұсталды.
Нәтижесінде, талапкер кәмелет жасқа толмаған баласын алып келу үшін шетелге ұша алмаған.
Сотта Браткова жауапкерлерден 117 мың теңге материалдық шығынды және 10 млн теңге моральдық зиянды өндіруді сұрады. Себебі, 22 тамыз 2024 жылы қылмыстық іс ҚР ҚПК-ның 35-бабының, 1 –бөлігінің, 2 –тармағына сәйкес (қылмыс құрамы болмауына байланысты) тоқтатылған. Ал Браткованың кәмелет жасқа толмаған ұлы сенім білдірген тұлғалармен бірге Шымкент қаласына оралған.
4 сәуір 2025 жылы сот шешімімен:
Браткованың талабы ішінара қанағаттандырылды. Жауапкерлерден 117 мың теңге материалдық шығын және 500 мың теңге моральдық зиян, сондай-ақ талапкердің өкіліне жұмсалған шығындар өндірілді. Шешім заңды күшіне енген жоқ.