Шымкентте колледж студенттері үшін далалық оқу-жаттығу жиыны өтті

фото ШГБҚ

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2017 жылғы 12 шілдедегі №347 бұйрығына сәйкес, Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты 39 колледждің студенттері арасында «Бастапқы әскери дайындық курсы» аясында оқу-жаттығу далалық (лагерьлік) жиыны өткізілді.

Іс-шараның мақсаты – жастарды Отансүйгіштікке тәрбиелеу, әскери іс негіздерін үйрету және азаматтық жауапкершілікті қалыптастыру. Далалық жиын барысында студенттер әскери қызметтің қыр-сырын меңгеріп, практикалық дағдыларын жетілдірді.
Колледждердің оқу-дала базасында ұл балалар үшін «Әскери іс негіздері» пәнінен практикалық сабақтар ұйымдастырылса, қыз балалармен «Медициналық білім негіздері» бойынша сабақтар өткізілді. Сонымен қатар, білім алушыларға патриоттық тақырыптағы ғылыми-танымдық фильмдер, хроникалық деректі кино және бейнематериалдар көрсетіліп, арнайы үгіт-насихат бұрыштары безендірілді.
Іс-шара барысында Шымкент қаласының жергілікті әскери басқару органдары, білім беру мекемелері, әскери колледждер мен әскери кафедралар бірлесіп жұмыс жүргізіп, жастардың әскери-патриоттық тәрбиесіне үлкен үлес қосты.
Жиын қорытындысы бойынша М.Өтебаев атындағы жоғары колледжі, Орта Азиялық жоғары медициналық колледжі, Аграрлық колледж және Медициналық академия жанындағы медколледж ұйымдастыру деңгейі мен мұғалімдердің біліктілігі бойынша үздік деп танылды.