Шымкент қалалық балалар ауруханасында алғаш рет 2,5 айлық сәбиге сирек әрі күрделі нейрохирургиялық ота сәтті жасалды. Дәрігерлер орталық жүйке жүйесінде ақауы бар, иық пен мойын тұсындағы нерв өрімдері үзілген сәбиге 5 сағатқа созылған ота жасап, сәтті аяқтады. Бұл – елімізде сирек жасалатын ота түрі. Күрделі ота міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі есебінен қаржыландырылған.
-Тексеру қорытындылары бойынша күрделі нейрохирургиялы ота жасадық. Ота микрохирургиялық әдіс арқылы микроскоп құрылғысының көмегімен жасалды. Барлығы сәтті өтті. Нәрестеде ешқандай асқынулар жоқ,-дейді қалалық балалар ауруханасының нейрохирург-дәрігері Таңсық Абдуллаев.
Шымкент қалалық балалар ауруханасы – еліміздегі ең ірі балаларға арналған емдеу орталықтарының бірі. Мұнда тәулігіне 500-ден астам бала жедел медициналық көмек алса, 450-ден аса бала стационарлық емдеуден өтеді. Барлық педиатриялық қызметтер бір жерге шоғырланған: амбулаторлық қабылдаудан бастап, консультациялық-диагностикалық және күрделі операцияларға дейін.
#әмсқшымкент#мәмсшымкент