Суицид жасамақ болған ер адамды құтқарып қалды

фото ТОПД
Ордабасы аудандық полиция бөліміне түнгі сағат 22:20 шамасында жергілікті тұрғын шағымданып, мас халдегі күйеуі мазасын алып жатқанын жеткізді. Ақпарат алысымен учаскелік полиция инспекторлары Р.Амангелдиев, Б.Қонысәлі, М.Ахметтар оқиға орнына жетті.
Үй иелері ер адамның қораға кіріп, содан шықпағанын жеткізді. Оқиғаның мән-жайын анықтамақ болған полицейлер қораға барса, ішінен құлттап алғанын білді. Темір есікті ары-бері тартып аша алмағаннан кейін, тор орнатылған терезесін балтаның көмегімен ашып, ішке кірді.
Осы сәтте ер адам жіпке асылып тұрады. Полицейлер уақыт жоғалтпай, шұғыл әрекет етті. Ер адамның жанына жақындап, оны жоғары көтеріп, пышақпен жіпті кесіп, тұрғынды аман-есен құтқарды. Оған алғашқы медициналық көмек көрсетіп, дәрігерлерді шақыртты.
Қазіргі таңда ер адамның денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ. Одан әрі ерлі-зайыптылармен профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бүгінгі таңда оқиғаның толық мәнжайы анықталып жатыр.