Тұрғын үй алуға мұқтаждың кезекке тұру құқығын қалпына келтірді

фото ara24.kz
М. қорғаншылық және қамқоршылық органдарына ауыстырылып, 2008-2011 жылдар аралығында №1, 2 мектеп-интернаттарында және Балалар ауылында болған.
 Алайда, аталған мекеменің ешқайсысы оны «жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар» санаты бойынша тұрғын үйге мұқтаж ретінде тіркеуге тиісті құжаттарды ұсынбаған. Және тек М.-ның өз арызы бойынша 2015 жылдың 3 наурызында осы кезекке тұрғызылған.
 М.-ның 2011 жылдың 1 қаңтарынан бастап тұрғын үйге тіркелу құқығын тану туралы Балалар ауылына, Тұрғын үй қатынастары бөліміне және Павлодар қаласының әкіміне талап қоюмен жүгінген.
 Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар талап қоюды қанағаттандырған.
Жоғарғы Соттың әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы істі зерттей келе, әкімшілік органдардың кінәсінен талап қоюшы әлі күнге дейін тұрғын үй алмағандығы туралы жергілікті соттардың уәждерімен келісті.
Балалар ауылындағы басқа балалар мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспанамен қамтамасыз етілген, бұл оған жағымсыз салдарға әкеліп соққан.
 Тиісінше, талап қоюшының жетім балаларға арналған арнайы қорғаншылық және қамқоршылық органдарына орналастырылған кезден бастап, оның мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаж адам ретінде есепке тұру құқығын тануға мүдделілігі заңды және материалдық сипатта болады.
 Жоғарғы Сот іс бойынша шығарылған сот актілерін өзгеріссіз қалдырып, жергілікті соттардың талап қоюды қанағаттандыру туралы тұжырымдары заңды және негізді, сенім құқығын қорғау, заңдылық пен әкімшілік іс жүргізудің әділдігі қағидаттарына сәйкес келетінін көрсетті.