Туристерден түскен қаржыға мұқтажбыз ба?

Туристерден түскен 930 мың теңгеге «Шымқала» тарихи-мәдени кешенін жөндеп жатыр. Яғни, бұл аумақта ретке келтіру, сырлау сынды жұмыстар атқарылуда. Бірақ, бар жоғы 930 мың теңге қай жыртыққа жамау болмақ? Қаланың тарихынан сыр шертетін бұл нысанға күрделі жөндеу жұмыстары қажет емес пе? Мекеме басшылығы не дейді?

Талай жылдан бері жырға айналған Шымқала тарихи -мәдени кешенінің проблемасы шашетектен. Құжатсыз жұмыс істеп тұрғаны аздай, нысанды күрделі жөндеуден өткізу қажет. Бірақ, жауаптылар, бұл жұмысқа асығар емес. Олар, сыры көшкен жерлерді жабумен әлек. Тіпті ағымдағы жөндеу жұмыстарын да келушілерден түскен қаржымен жүргізбек.

Жандос Керімұлы,  “Шымкент қалалық музейлер бірлестігі” МКҚК директоры: «Қазір жүріп жатқан жұмыс түрі, өзіміздің шаруашылық қызметкерлерінің күшімен жасалып жатыр. Оған ешқандай қаржы қаралмаған. Оның қаржы көзі, өздеріңіз білесіздер. Бұл кешен, 2025 жылдан бастап, биылдан бастап, ақылы қызмет көрсетіп бастады. Ақылы негізде түскен қаржы негізінен мүмкіндігіне қарай жасалып жатыр. Оның көлемін айтатын болсақ, бірінші тоқсан бойынша Шымқала тарихи -мәдени кешені 930 мың теңге табыс тапты».

2019-2020 жылдары археологиялық қазба жұмыстарына 2,7 млрд. теңге қаржы бөлінген еді. Бірақ,жауаптылар, талан-таражға түскен қаржының тиынында түгендей алмай отыр. Сол уақытта істің басы-қасында болған мәдениет саласының ардагері, археолог Бауыржан Байтанаевтан оқиғаның мән-жайын сұрап білуге тырыстық. Бірақ, профессор бұл мәселеден хабарсыз екенін айтты.

Бауыржан Байтанаев, Археолог, ҚР ҰҒА академигі: «Оны көптеген мекемелер жүргізді. Мәдениет басқармасынан сұрамайсыздар ма? Менде жоқ қой. Бұл менің зерттеген обьектім. Қазған жылдарды айтайын. 2003-2004, 2014-2015 жылдары. 2019 — да сұрасаң, арахеологиялық экспертиза болды. Компаниялар істеді. Археология емес, реставрация, консервация, этноауыл ол археология емес қой. Осы жерде ғимараттарға бөлінген. Оның санын да білмеймін. Сіздер айтып отырсыздар. Жұмысты археологтар жасады. Мен консультант болдым. Ондай млрд. бөлінбен. Мүмкін 100 млн, 200 млн. бөлінген шығар. Мен нақты санын білмеймін».

Көне мәдениетімізді айшықтауға арналған бұл нысанға жаны ашитын адам қалмағандай. Естеріңізде болса, қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек, аталмыш кешенге бөлінген қаржының талан-таражға түскенін өзі айтқан болатын. Ал іс құжаттары тиісті органдарға жолданған.

Нұргүл Жолымбетова