Түркістан облысының Түлкібас аудандық сотында М.-ге қатысты қылмыстық іс қаралды. Тергеу органымен М. тонау – яғни жәбірленушінің өмірі немесе денсаулығына қауіпті емес күш қолданып немесе оны қолдану қатерін төндіру арқылы, қызметтік немесе өндірістік үй-жайға заңсыз кірумен бөтен мүлікті ашық жымқыру бабымен айыпталған
М. асханалық пышақпен қаруланып, 6 маусым 2024 жылы сағат 23:30 шамасында, Түлкібас ауданы, Ақбиік-Шақпақ баба ауыл арасында тас жолда орналасқан жанармай құю бекетінің есігі арқылы заңсыз кіріп, кассада жабық тұрған сейфтен 140 мың теңгені ашық түрде жымқырып, оқиға болған жерден бой тасалаған.
М. аталған күні түскі және кешкі уақытта, өзінің басқаруындағы автокөлігімен жанармай құю бекетіне бірнеше рет барып, жанармай құйдырғанын, қылмысты жасамағанын, оған қатысы жоқ екенін айтып көрсетті.
Сот, ҚПК-нің 125-бабына сәйкес зерттелген дәлелдемелер жиынтығын бағалап, басты сот талқылауында сотталушының, жәбірленушілердің, куәлердің және полиция қызметкерлерінің жауаптарын, іске тіркелген фототехникалық және портреттік сараптамада қорытындыларын, қылмыстық істе тіркелген басқада айғақты заттарды қарап, М.-нің айыптау актісіндегі қылмыстық құқық бұзушылықты жасағанын даусыз дәлелдейтін дәлелдерді айыптау тарапынан ұсынбағанын, іске тіркелген дәлелдемелер жиынтығына баға берді.
М. ҚК-нің 191-бабы 3-бөлігінің 3) тармағымен тағылған айып бойынша кінәсіз деп танылып, қылмыстық құқық бұзушылық жасауға қатысуы дәлелденбеуіне байланысты ақталып, сот залынан дереу босатылды.
М. қылмыстық процесті жүргізетін органның заңсыз әрекеттері салдарынан келтірілген зиянды өндіру құқығы бар деп танылып, қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамды анықтауға шаралар қолдану үшін қылмыстық іс ауданының прокурорына жолданды.
Сонымен қатар, аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері тарапынан қылмыстық процестік заң талаптарының бұзылуына жол бергені үшін, тиісті шара көру үшін жекеше қаулы шығарылып, облыстық полиция департаментіне жолданды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.