Жастарға үлгі: Студенттер полковник Оңбаевтың өмірімен танысты

фото ШГБҚ

 

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің қабырғасында Қарулы күштердің ардагері, отставкадағы полковник Серікбай Оңбаевқа арналған «Ардагер жолы ұлылық – ұрпағы жүрер ұғынып» атты ерлік сабағы өтті.

Ғылыми конференция форматында өткен шара университет студенттері мен генерал Сабыр Рахымов атындағы әскери колледж тәрбиеленушілерінің басын қосты. Кездесудің негізгі спикері әскери колледждің 1 курс ұланы Ернұр Қошқарбай Серікбай Оңбаевтың өмірі мен қызметіне арналған алғашқы ғылыми зерттеуін таныстырды. Жас ғалымның зерттеу жұмысы старшина Нұрман Ботабаев пен қызметкер Гүлмира Боталқызының жетекшілігімен дайындалды.
Ернұрдың айтуынша, зерттеуге қаһарманның таңдауы айқын болды – оның әскери мамандық таңдауға шабыттандырған полковник Оңбаевпен мектепте өткен кездесулері. Ардагердің өмір жолы, қызметке деген адалдығы, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу жолындағы айбынды еңбегі ұланның жан дүниесінде терең із қалдырыпты.
– Серікбай Оңбаев 73 жаста болса да, 54 жыл бойы әскери киімін шешпей, Отанына адал қызмет етіп келеді. Оның отбасында 39 адам өмірін әскерде және басқа да күш құрылымдарында қызметке арнаған. Мен осындай тұлғаның тарихымен жан-жақты танысу құрметіне ие болғанымды мақтан тұтамын, — деді Ернұр Қошқарбай.
Іс-шараға қатысушыларды кездесудің қаһарманы полковник Оңбаевтың сөзі ерекше қызықтырды. Ол тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен армияның дамуына ерекше көңіл бөле отырып, өмірі мен қызметіндегі маңызды кезеңдерден естеліктерімен бөлісті.
Шара аясында Серікбай Оңбаев пен оның отбасының өмірі мен қызметіне арналған көшпелі көрме де ұйымдастырылды. Қонақтар ардагердің жеке мұрағатындағы бірегей жәдігерлерді: фотосуреттермен, марапаттармен және естелік құжаттармен жақын танысты.