Білікті дәрігер — талай адамның өмірін сақтап қалмақ. Әсіресе, жедел -жәрдем бригадасының жұмысы ерекше. Өйткені, дер кезінде көмекке жетіп, жасалған ем-домның нәтижесінде, төніп тұрған қатердің алдын-алуға мүмкіндік бар. Мәселен, қалалық жедел медициналық жәрдем көрсету станциясы № 2 бекетінің қызметкерлері өмір мен өлімінің арасында арпаласып жатқан ана мен баланың өміріне де араша болған.
Жеңісбек Шарбек 13 жылдан бері, қалалық жедел медициналық жәрдем көрсету станциясында фельдшер болып жұмыс істейді. Ол өзіне жүктелген жауапкершілікті сезіне отырып, күнделікті түрлі науқасқа көмек көрсетеді. Тіпті, кей-күндері баланы үйінде босандырып алады. Мәселен, Жеңісбек алғаш рет 21 жасында үй жағдайында нәрестенің өмірге келуіне сеп болған. Сондықтан, бұл үйреншікті жұмысымыз дейді дәрігер.
Жеңісбек Шарбек, Қалалық жедел медициналық жәрдем көрсету станциясы №2 бекетінің фельдшері: «Түскі уақытта шақырту түсті. 38-39 апта. Толғақ деп шақырды. 10 минуттың ішінде жетіп бардық. Барсақ, әйел кісіні тасымалдауға жарамайтынын ескеріп, ауруханаға жеткізе алмайтын болған соң, үйінде босандырып алдық. Бұл бірінші реттегі жағдай емес. Тәжірибемізде 7-8 рет босандыру болған. Ешқандай қобалжу ештеңе болмады. Протокол бойынша босандырып алдық. Ер адам кіріп келгенде, әйелдерде гармон пайда болады. Күш пайда болады. Өзі босанды. Босанған соң, баланы анасының төсіне жатқызып, кіндігі кесіліп, екпелер салынып, жақын маңдағы ауруханаға жеткізілді».
Талай жанды өлімнен арашалап қалуға сеп болып жүрген осы қызмет мамандарына қатысты айтылатын сын да көп. Бірақ, осыған қарамастан, күндіз-түні үздіксіз қызмет етеміз дейді жедел-жәрдем станциясының меңгерушісі. Әрбір қызметкер, әр адамның өмірі үшін арпалысып, діттеген жерге тез арада жетуге тырысады.
Ғабит Өмірәлиев, Қалалық жедел медициналық жәрдем көрсету станциясы № 2 бекетінің меңгерушісі: «Қала аумағында шақыртуға дер кезінде жетуге байланысты 10 бекетіміз бар. Оның ішінде 2-ші бекет. Құрамында 15 бригада бар. Оның ішінде 4-уі мамандандырылған бригада. Қалғаны фельдшерлік бригада. Жалпы шақыртуға тез жету мақсатында, ҚР министрлігінің мақұлдауымен 225 бұйрыққа сәйкес, шақыртулар 4 санатта орындалады. Яғни, бірінші, екінші, үшінші, төртінші санат. Бірінші, екінші санаттағы шақыртулар, 10-15 минутта жетуді талап етеді. Ол жол апаты, жүкті әйелдерге, нәрестелерге, жүрек талмасы кезінде шұғыл көмек көрсету».
Қалалық жедел медициналық жәрдем көрсету станциясы тәулігіне 250 -200 шақыртуға шығады. Ал, кей-кездері айына толғағы қысқан 10-ға жуық әйелдерді босандырып алуға тура келеді екен.
Нұргүл Жолымбетова