Жетісай ауданы, Ж.Ералиев ауылдық округіндегі «Орынбай ата» шаруа қожалығы қырыққабаттың алғашқы өнімдерін Ресей еліне экспорттауды бастады. Шаруашылық 1 гектар аумаққа қырыққабаттың ерте пісетін «Магнус» сортын еккен. Бұдан бөлек, 2 гектар егістікке егілген «Зарисма» сортының өнімін алмақ. Сондай-ақ, шаруа 6 гектар жерге қауынның «Аэропорт» сортын егуді жоспарлап отыр.
Қожалық төрағасы Нұрлыбек Жайынбаевтың сөзінше, ақпан айының соңында 1 гектар аумаққа қырыққабат егіліп, барлығы 32 мың түп көшет өндірілген. Қырыққабаттың әр келісін егістік басынан 250 теңгеден саудалаған. Негізінен ерте пісетін қырыққабаттың басым бөлігі Ресей, Белоруссия және Еуропа елдеріне экспортталады.
Айта кетейік, Жетісай ауданында биыл 1158 гектар аумаққа ерте пісетін қырыққабат егіліп, 50 мың тоннаға жуық өнім алу жоспарлануда. «Зарисма», «Валикор», «Магнус», «Ринда», «Заказ» сынды қырыққабат сорттары егілген алқаптың 893 гектарына су үнемдеу технологиясы енгізілген.