12 мамыр- мейірбикелердің кәсіби мерекесі. Халықаралық медбикелер күні 1974 жылдан бері тойланып келеді. Атаулы күн халықаралық медбикелер кеңесінің бастамасымен бекітілген. Осыған орай, республика көлемінде ақ халатты абзал жандардың арасында түрлі конкурстар өткізіліп, үздіктері марапатталды. Олардың арасында шымкенттік мейірбикелер де бар.
Алтынай Жұмашева №2 Шымкент қалалық ауруханасының мейірбикесі. Ол 16 жылдан бері осы салада еңбек етіп келеді. Жастайынан дәрігер болуды армандаған нәзік жанды бүгінде талай жанның дертіне демеу болып, көптің ықыласына бөленіп жүр. Әріптестері оны қиындығы мен қызығы бірге жүретін жұмыста белсенді әрі өз ісіне адал дейді. Ақ халатты абзал жан Шымкент қаласы бойынша медбикелер арасындағы конкурсқа қатысып, екінші орынды иеленген.
Алтынай Жұмашева, мейірбике: «2009 жылдан бастап жұмысқа тұрдым. Өз мамандығымды жақсы көремін. Науқастармен жұмыс істегенді жақсы көремін. Пациенттермен жұмыс жасау ұнайды. Олармен тіл табыса білу керек. Адамның ішіндегі жан-дүниесін түсіну керек. Жан-дүниесін түсінсең оңай болады деп ойлаймын».
Шардара ауданының тұрғыны, Алма Тұяқова ем іздеп Шымкентке келген. Денсаулығы сыр берген зейнеткерге ота сәтті жасалған. Бүгінде оның жағдайы жақсы. Ол өз тарапынан дәрігерлерге алғысын білдіріп, мейірбикелердің жұмысына оң бағасын берді.
Алма Тұяқова, емделуші, Шардара ауданының тұрғыны: «Жақсы шықты операциям. Өттен тас алдырдым. Рахмет медбикелерге. Барлығына. Жақсы күтті. Тамағы да жақсы. Ыстық етіп әкеліп жатыр. Ауырып келгендерге ем берсін, дем берсін. Қол-аяқтарына дерт бермесін».
Айта кетейік, бүгінде Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасына қарасты медициналық ұйымдарда 11 мыңнан астам орта буын медицина қызметкерлері жұмыс атқарады. Оның ішінде 8500 — мемлекеттік, ал 3000 мыңға жуығы жекеменшік ұйымдарда жұмыс істейді.
Жергілікті бюджет есебінен жоғары медициналық колледжде жыл сайын мыңнан астам медицина қызметкерінің біліктілігін арттыруға мүмкіншілік бар.
Нұргүл Жолымбетова