15 Мамыр – Отбасы күні: Отбасы – махаббат пен мейірім мекені

фото ШӨКҚ

 

Отбасы – әр адамның алғаш табалдырық аттаған, өмірлік құндылықтар мен адами қасиеттерді бойына сіңіретін киелі ұясы. Бала үшін ең алғашқы мектеп – отбасы. Ал отбасы құндылықтарын дәріптеу, оны сақтау – әрбір азаматтың, әрбір ұлттың парызы. Сондықтан да жыл сайын мамыр айында «Отбасы күні» аталып өтеді. Бұл күн – отбасының маңыздылығын еске салып, бірлік пен сүйіспеншілікке құрылған қоғам негізін насихаттайтын маңызды мереке.

Елімізде соңғы 10 жылда шаңырақ көтергендер саны 1 жарым миллионға артқан. Нәтижесінде отбасылар саны 5,5 млн-нан асты. Мамандар сөзінше бұл елдегі депографиялық тұрақтылықты көрсетеді. Ал кейінгі 50 жылға ажырасқандар көрсеткіші 48,6%-ға төмендеген.

2021 жылғы санақ қорытындысы бойынша халықтың 60,9% некеде болған, осылайша некеде тұрған азаматтардың саны 8,2 млн адамды құрады. Оның ішінде 9% – қайта неке құрғандар екен.

Ұлттық статистика бюросының ресми жауабына сүйенсек, Қазақстанда 10 және одан да көп балалары бар 163 отбасы тіркелген. Бұл — 2021 жылғы Ұлттық санақ қорытындысына негізделген ақпарат. Статистикаға сүйенсек, көпбалалы отбасылардың дені Шымкент қаласында тұрады. Мұнда бала саны 10-нан асқан 59 отбасы көпбалалылар санатына жатады. Түркістан, Жамбыл, Ақтөбе, Қарағанды облыстары да бұл көрсеткіш бойынша бестікке кіреді.

Отбасы – махаббат пен мейірім мекені

Отбасы – тек бір шаңырақ астында өмір сүріп жатқан адамдар тобы ғана емес, бұл – өзара сүйіспеншілік, сенім, қолдау, бірлік пен жауапкершілікке негізделген берік байланыс. Әке – отбасының тірегі, ана – оның жүрегі, ал бала – болашағы. Отбасыда бала тәрбиесі, рухани даму, ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрлер ұрпақтан ұрпаққа жалғасады.

Адамның бойындағы ең асыл қасиеттер – мейірімділік, адалдық, еңбекқорлық, ізеттілік секілді ұғымдар отбасында қалыптасады. Сол себепті де қоғамның қандай болатыны отбасындағы тәрбие мен қарым-қатынасқа тікелей байланысты.
Психолог маман сөзінше өз отбасында мейірім көрген бала өскенде мерейлі шаңырақ құруға қауқарлы.

«Сау отбасына құру -сенімділікке, сыйластыққа негізделген. Бала өзінің отбасын дұрыс құру үшін, өзінің балалық шағы мейірімге бөленуі маңызды. Өз бойындағы тәрбиесін, мейірімі мен адамгершілігін өз отбасына береді. Егер өз отбасында мейірім болмаса, тек суықтық көрсе, ертең өз баласына да суық болып, отбасы деген құндылықтың өзгеруіне алып келеді», — дейді психолог Гүлнаурыз Исламқұлова.

Қазақ отбасындағы дәстүр мен тәрбие

Қазақ халқы отбасыға ерекше мән берген. Ертеден-ақ «Отан – отбасынан басталады» деп, әр адамның өмірлік бағыты отбасында қалыптасатынын ұғындырған. Ата мен әже – тәрбиенің бастау көзі, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету – қазақ отбасының басты қағидалары.

Қазақ дәстүрінде тек әке мен ананың рөлі емес, туыстық қатынастар мен жақын-жуықпен байланыс та ерекше маңызды. «Ағайын тату болса – ат көп, абысын тату болса – ас көп» деген мақал қазақ қоғамындағы отбасы мен туыстық қатынастың маңызын көрсетеді.

Отбасы – ұлт болашағының кепілі

Бүгінгі қоғамда отбасы институтының орны ерекше. Экономикалық даму, әлеуметтік тұрақтылық пен ұлттық қауіпсіздік те осы отбасы бірлігінен бастау алады. Бақытты отбасы – білімді, тәрбиелі ұрпақтың, еңбекқор азаматтардың қалыптасуына жол ашады. Ал әрбір сәтті ұрпақ – елдің болашағы.

Сондықтан мемлекет те отбасылардың әл-ауқатын арттыруға, жастар арасында отбасылық құндылықтарды насихаттауға ерекше көңіл бөліп келеді. Қазақстанда «Отбасы күні» мерекесі осы мақсатта – отбасылардың қоғамдағы рөлін арттыру, олардың беделін көтеру мақсатында белгіленген.

Отбасы күні – мейірім мен бірлік мерекесі

Бұл күн – әр отбасына ерекше көңіл бөліп, бірге уақыт өткізудің, естеліктермен бөлісудің, махаббат пен жақындықты сезінудің тамаша мүмкіндігі. Мектептер мен балабақшаларда түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, отбасылық құндылықтар дәріптеледі. Әлеуметтік желілерде үлгілі отбасылар туралы материалдар жариялап, көпшілікке өнеге көрсетеді.

Отбасы күні – ұрпақтар сабақтастығын, үлкенге құрмет пен кішіге қамқорлық сезімін қайта жаңғыртатын, жүректерді жақындататын мереке.

Отбасы – тек шағын әлеуметтік ұяшық емес, ол – бүкіл қоғамның негізі. Бақытты қоғам – бақытты отбасылардан құралады. Сондықтан әрқайсымыз өз отбасымызға қамқор болып, бірлікті, сүйіспеншілікті, түсіністікті ту етіп ұстауымыз қажет. Отбасындағы махаббат пен сыйластық – еліміздің берекесі мен тыныштығының кепілі.

«Отбасы – шағын мемлекет» десек, сол мемлекеттің іргесін нықтап, болашағын жарқын ету – әрбіріміздің ортақ міндетіміз. Отбасы күні – тек мереке емес, бұл – бір сәтке тоқтап, отбасыңыздың қадірін ұғынатын, бірге өткізген әр сәттің бағасын білетін ерекше күн.

Әсел Мәлік

«Оңтүстік Рабат» газеті

№20