16-17 жастағы қыздар ана болуға асық

Ерте жүктілік — қоғам дерті. Бесіктен белі шықпай жатып, жүкті болатындар мен жасанды түсік тастайтындардың саны азаймай отыр. БҰҰ деректері бойынша, Қазақстандағы әрбір алтыншы жүктілік абортпен аяқталады. Сондай-ақ, ерте ана болуға асыққандардың басым көпшілігі 16-17 жастағы жасөспірімдер дейді дәрігерлер. Бұл – өзекті мәселе ғана емес, дабыл қағарлық жағдай. Осындай күрделі мәселелердің алдын алу мақсатында репродуктивті денсаулық апталығы басталды.

Ерте жүктіліктің алдын алу — қоғамның басты мақсаты. Сондықтан мұндай проблемалармен күресу және жасөспірімдердің ұрпақты болуын қамтамасыз ету, сондай-ақ, денсаулығын жақсарту бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда дейді мамандар. Мәселен, Шымкент бойынша 9 денсаулық орталығы жұмыс істейді. Онда түрлі сала мамандары 14 жастан бастап, 29 жасқа дейінгі жастарға түрлі кеңестер бере алады. Бүгінге дейін 19 мыңға жуық жас пен жасөспірім түрлі өтінішпен орталыққа бас сұққан.

Сәуле Дүйсенбаева, Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары: «Шымкент қаласында 9 жастар орталығы жұмыс істеп келеді. Бұнда психологиялық, социологиялық мамандар кеңестер беріп отырады. Бірінші тоқсанда жасөспірімдер және жастардың саны 18554. Оның ішінде 14 жастағы балаларда бар. Олардың өзіндік мәселелері бар. 6700-ден астам жасөспірім жүгінген. 15-18 жастағы жасөспірім 8100 — ден астам, 19-24 жастағы 2900 — ге жуық жастар жүгініп отыр».

«Мамандар ерте жүктілік саны азаймай отыр» деп дабыл қағуда. Әсіресе 16-17 жастағы жасөспірімдер үшін бұл қалыпты жағдайға айналған көрінеді. Десе де, жастар арасында түсіндіру жұмыстарын арттырып, ана мен баланың денсаулығына қатысты жауапкершілікпен қарау керек дейді ақ халаттылар.

Гүлбану Сыздықова, Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас акушер-гинекологы: «Ерте жүктіліктің қауіптілігін баршамыз білеміз. Ерте жүктілік бойынша, 14 жастағы жүктілік 2023 жылмен салыстырғанда екі есе азайған. Ал, 16-17 жастағы жүктілік, ол біздің халықтың шығыс менталитетіне байланысты түспей отыр. Біз сол 16-17 жастағы жүктіліктің алдын алу үшін біраз жұмыстар дайындау керекпіз».

Бүгінгі күнге дейін еліміздегі демографиялық ахуалды жақсарту мақсатында «Аңсаған сәби» арнаулы бағдарламасы бойынша бірқатар игі істер жалғасын табуда. Жалпы аталмыш бағдарлама мақсаты – қосалқы репродуктивті технологиялардың көмегімен отбасылық-демографиялық мәселелерді шешу жұмыстары жүргізілуде. Мәселен, Шымкент қаласы бойынша 400 — ден астам квота бөлініп отыр.

Баян Жолдасова, Шымкент қалалық әйелдер кеңесінің төрайымы: «Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың  бағдарламасы бар. «Аңсаған сәби». Бұл биыл 4 жыл қатарынан өзінің жемісін беріп жатыр. Түркістан облысы бойынша 700 орын берілген. Ал Шымкентке 400 орын берілген. Бірінші жылға қарағанда көрсеткіштері жоғары. Ана бала аңсап келгендер, солардың арманы орындалып жатқан жағдайы бар».

Ресми статистикаға сүйенсек, қала бойынша 500 — ге жуық отбасы «Аңсаған сәби» бағдарламасынан үміткер. Десе де, олардың барлығын бедеу деп айта аламаймыз дейді дәрігерлер. Егер денсаулығын жақсартып, тиісті ем-шараларды алатын болса, табиғи жүктілікке қол жеткізуге болады екен. Мәселен, 2024 жылы 20 ға жуық отбасы балалы болған.

Ақмарал Өтемісова, репродуктолог: «Былтырғы жылы 19 отбасы жүкті болды десек те болады. Қалғандарына өкінішке қарай, эко көрсеткіші тағайындалған. Олар, «Аңсаған сәби» бағдарламасына жолдама алады. Бұрын әйелдер ғана бедеулік бойынша келетін еді. Ал, қазір ерлер де өз еркімен бедеулікке тексеруге келеді».

Дәрігерлердің айтуынша, «Аңсаған сәби» бағдарламасының аясында өлі бала дүниеге келмеген. Бұл қуантарлық жағдай дейді дәрігерлер. Мамандардың айтуынша, болашақ аналар денсаулығын жақсарту мақсатында жастайынан жатыр мойны обырына қатысты вакцина алу керек Статистикалық мәліметтерге сүйенер болсақ, еліміз бойынша жыл сайын 2 мыңға жуық әйел жатыр мойыны обырымен ауырып, 600 — ге жуығы көз жұмады екен.

Нұргүл Жолымбетова