Лейшманиоз аурулары – бұл адам мен жануарлардың ішкі ағзалар (висцералды лейшманиоз) мен теріні (тері лейшманиоздары) зақымдайтын трансмиссивтік аурулар тобы.
Ауру қоздырғышы – лейшманиялар екі қожайында дамитын қарапайым паразиттер. Омыртқалылар (соның ішінде адамдар) ағзасында паразит жасуша ішінде домалақша амастигота (жгутигі жоқ) стадиясында болады, ал індет таратушы үндеместің ішінде сопақша промастигота стадиясында (жгутигі бар) болады.
Тері лейшманиоз ауруының қоздырғышы – Leishmania major. Инкубациялық мерзімі 1аптадан 1-1,5 айға дейін, көбінесе 10-20 күн.
Ауру үндемес шаққан орында қабынған терімен қоршалған дөңестің пайда болуынан басталады. Алғашқыда дөңестің мөлшері 2-4мм, соңынан 10-15мм-ге дейін жетеді. Сонымен қатар айналасындағы қабынған терінің де көлемі едәуір ұлғаяды. 1-2 аптадан соң дөңес іріп, орнында бала алақанындай жара пайда болады. Ол 2-3 айдан соң іріңнен тазаланып, өмір бойы сақталатын тыртықтар қалдырады.
Зоонозды тері лейшманиоз ауруының табиғи ошақтарында індет таратушы үлкен құмтышқан (Rhombomys opimus), ал тасымалдаушысы – үндемес (Phlebotomus papatasi).
Құмтышқандар көктемгі мезгілде қоректердің молшылығынан 2 ұрпақ береді, кейбір ыңғайлы жылдары жаздада көбейеді. Құмтышқан 3-3,5 айлық жасында ұрпақ бере алады. Лейшманиоз белгілері құмтышқандар құлақтарының артқы ұшында инфильтрат, жара түрінде байқалады. Құмтышқан індері шөлейіт жерлерде, көбінесе құм мен тақырдың түйісінде жиі кездеседі. Ал елді мекендер айналасында жол иегінде, суару каналдар бойында орналасады.
Індет тасымалдаушы үндемес антропофил, ылғалды жерді ұнататын қансорғыш. Ол кеміргіштердің індерінде, бұзылған, бос тұрған үйлердің дуал саңылауларында, шаруашылық қоқыстарда мекендеп, көбейеді. Ауыл ішінде олар адам мен үй жануарлардың, ал ауылдан тыс жерлерде – кеміргіштердің қанымен қоректенеді. Үндеместер кеш болғаннан таң атқанша белсенділік танытып, күндіз бой тасалайды.
Оңтүстік Қазақстан облысында Отырар, Арыс, Шардара аудандарының Сырдария өзені солжағалауында орналасқан елді мекендері зоонозды тері лейшманиозының табиғи ошақтары болып табылады.
Тері лейшманиозбен ауырғандар тері венерологиялық стационарларда емделуі тиіс. Диагнозын зертханалық растау үшін жарылмаған төмпешіктен немесе жараның шеткі инфильтратынан материал алынып, зерттеледі. Диспансерлік бақылау – 1 жыл бойы.
Алдын алу і-шараларының бірі жеке бас қорғану – бұл нешетүрлі репелленттерді қолданып, жәндіктердің шағуынан сақтану. Сонымен қатар үйлерде терезе – есіктерге тор іліп, ұйықтарда масахана пайдаланған жөн.
Медициналық көмекке дер кезінде қаралмауы және өздігімен емделу аурудың асқынуына әкелуі мүмкін! Өз денсаулықтарыңызды күтіңіздер, аман болыңыздар!
А.А.Асанбаева,
Шымкент қаласы Еңбекші ауданының
санитариялық эпидемиологиялық бақылау
басқармасының бас маманы