9 700-ге жуық шымкенттік оқушы жазғы лагерьге тегін барады

Жазғы маусымда балалардың демалысын мағыналы әрі қызықты өткізу – басты міндет. Осы мақсатта Шымкентте биыл жергілікті бюджеттен 759,4 миллион теңге бөлінді. Тегін жолдаманы кімдер ала алады? Құжат қабылдау жұмыстары қашан басталады?

Биыл 9 700-ге жуық шымкенттік оқушы жазғы лагерьге тегін барып, қызықты күндер өткізеді. Бұл үшін қала әкімдігі қазынадан 759 миллион теңгеден астам қаржы бөліп отыр. Мұны тиісті басқарма мамандары мәлім етті.

Бағлан Үмбетбаев, Шымкент қаласы білім басқармасының бөлім басшысы: «Жалпы биыл 241 852 оқушының жазғы демалысын ұйымдастыру жоспарланған. Оны пайыздық көрсеткішке шашып қарайтын болсақ, ол 94,8 пайызды құрайды. Бұл оқушылардың жазғы уақыты тиімді ұйымдастырылады. Бұдан бөлек біздегі жергілікті бюджет есебінен бөлінген 9693 балаға қаражат бөлінген. Соның ішінде 8198-і жекеменшік лагерьлерде демалады. Сонымен қатар, балалар үйі бар 100 пайыз демалатын болады. Дарынды мектептердің де балалары бар қамтылатын лагерьмен».

Жауаптылар жазғы лагерьлерге кімдердің тегін бара алатынын тізбектеп айтып берді. Сөздерінше, құжаттарды қабылдау жұмыстары 2 маусым күні басталады.

Бағлан Үмбетбаев, Шымкент қаласы білім басқармасының бөлім басшысы: «64 қаулыдағы көрсетілген 5 санат бойынша балалар тегін лагерьге барады. Атап өтсек, АӘК алатын отбасылар, АӘК алмайтын, жан басына шаққандағы күн көріс деңгейі төмен отбасы балалары. Сонымен қатар, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар. Төтенше жағдай орын алған актісі бар отбасы балалары қамтылады. Білім беру ұйымдарында алқалы органдардың хаттамалық шешіміне сәйкес материалдық жағдайы төмен отбасы балалары қамтылады».

Аталған құжаттарды жинап, сақадай сай отырған ата-аналардың бірі – Шолпан Әшірбаева. Көпбалалы ана балаларын жазғы лагерьлерге тұрақты түрде жіберіп тұратынын айтады. Былтыр оның 3 бірдей перзенті тегін сауықтыру орталықтарында демалып келген.

Шолпан Әшірбаева, Шымкент қаласының тұрғыны: «Лагерьге былтыр жібергенбіз балаларды. Алдыңғы жылы да барған. Өздеріне ұнап келді. Өте жақсы деп жатыр. Тәрбиешілері де жақсы деді. Артынан 1 рет бардық, мақтап қалған. 10 күн демалды. Бәрі тегі болды. Ұнады. Биыл да баратын ойымыз бар»

Айта кету керек, жаз айларында қала сыртындағы лагерьлермен қатар, қала мектептерінде балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында түрлі дамыту үйірмелері жұмыс істейді.

Сонымен қатар, биыл 9 және 10-сынып оқушыларына жоғары оқу орындарына барып, студенттік өмірмен танысуға мүмкіндік беріледі. Жауаптылардың айтуынша, бұл оқу лагерьлері оқушылардың мамандыққа деген қызығушылығын арттыруға бағытталған.

Лаура Бабас