Автобус тізгіндеген жалғыз әйел

Шымкентте қоғамдық көлікті нәзік жанды тізгіндейді. Азаматша жүгі ауыр жұмыстан тайсалмай, өз міндетін ерлермен бірдей атқаруда. Бүгінде №27 бағыттағы автобуспен қала тұрғындарын діттеген жеріне жеткізіп, халықтың ілтипатына бөленіп жүр. Қиындығы мен қызығы бірге жүретін жүргізушілік, кейіпкерімізді қалай қызықтырды?

«Әйел адам қырық шырақты» деп бекер айтылмаған. «Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген рас. Бүгінгі күннің әйелдері автобус тізгіндеп, халыққа қызмет етуде.

4 баланың анасы Жанат Умарова №27 бағыттағы автобусты тізгіндеуді қолға алған. Ол, ерлермен бірге иық тіресе отырып, қоғамдық көлікпен халықты тасымалдап жүр. Ол бұған дейін талай жыл кондукторлық қызметте болған. Нәзік жандының айтуынша, көлік жүргізбес бұрын арнайы Алматыға барып, білім алған. Сондықтан, үлкен көлікті тізгіндеу маған қиындық тудырмады деп отыр. Сондай-ақ, мұндай таңдау жасағанына еш өкінбейді.

Жанат Умарова, жүргізуші: «Алматыға барып, троллейбусты үйреніп, сол жақта екі жыл істедім. Екі жылдан кейін, ауылыма қайтамын деп шештім. Автобуста жүргізуші болып істеймін деген шешімге келдім. Өзіме бұл жұмыс ұнайды. Күйеуім де жүргізуші. Жаман емес. 2023 жылы кондукторларды алып тастаған соң, күйеуімнен рұқсат сұрадым. Барып көр деді. Оқуға кірдік кой».

Қоғамдық көлік болған соң, сан түрлі сын-пікірлер бар. Бірақ, соған қарамастан әйел адамдардың рөлге отыруы батылдық дейді қала тұрғындары. Олар автобусты ер адам ғана емес, қолынан келсе әйел де жүргізгені дұрыс деп отыр.

Қыздаргүл Өмірбаева, Қала тұрғыны: «Мамандығын меңгерген болса, жүргізуші куәлігі бар болса, халықтың көңілінен шығып жатса жақсы ғой. Қазір қыздардың барлығы заманауи ғой. Жақсы айдап келе жатыр. Рөлде жүр. Өсіп-өніп, еліміз көркейе берсін».

Жанат Умарова қала бойынша автобус айдайтын жалғыз әйел. Сондықтан, «Түркістан» транспорт компаниясының өкілдері де бастапқыда аса сенім арта қоймаған. Бірақ, ол, күмәнімізді сейілтті деп отыр.

Дархан Абдраимов, компания өкілі: «Бізде Шымкент қаласында өзім білетін 15- 20 жылдың ішінде әйел адамның автобус тізгіндегенін көрген жоқпын. Басында күдік болды. Бірақ, енді жұмысқа келіп, мекеме тарапынан тәртіп, жол ережелері бар, тиісті мамандардан сүрінбей өтті. Сол себепті, арамызда жұмыс істеп жатыр. Өзі сұранып келген екен. Осы маршрутты айдаймын деп. Жауапкершілігі жақсы. Тұрғындардан ешқандай шағым түскен жоқ».

«Түркістан» транспорт компаниясы қала бойынша 23 бағытта қызмет етеді. Нақтырақ айтар болсақ, 300 — ден астам автобус мегаполис тұрғындарын діттеген жеріне жеткізіп, халық игілігі үшін жұмыс жасауда.

Нұргүл Жолымбетова