Аудан әкімі А.Қарсыбаев Әлем чемпионын марапаттады

фото ШАӘБҚ
Шардара ауданының палуаны, боз кілемнің батыры Құлмырза Бексұлтан Нұрланұлы Астана қаласында өткен пара дзюдо бойынша Әлем чемпионатында J2 санаты бойынша топ жарып, Түркістан облысы тарихында тұңғыш рет әлем чемпионы атанды. Бұл – тек Бексұлтанның ғана емес, бүкіл аудан мен облыстың мерейін үстем еткен үлкен жеңіс.
Аталған әлем чемпионатына 38 елден 300-ден астам спортшы қатысып, өзара үздіктерді анықтады. Байрақты бәсекеде Қазақстан ұлттық құрамасының спортшылары жоғары деңгейде өнер көрсетіп, ел намысын абыроймен қорғады. 81 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен шардаралық балуан Бексұлтан Құлмырза татамиге төрт рет шығып, барлық қарсыласын айқын басымдықпен жеңіп, әлем чемпионы атағына ие болды.
Жеңімпазды ұлықтау мақсатында Шардара ауданында салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Іс-шараға аудан тұрғындары, спорт ардагерлері, спортшылар, жанкүйерлер мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Салтанатты жиында алғашқы сөз алған Шардара ауданының әкімі Арман Романұлы Қарсыбаев чемпионды тарихи жетістігімен құттықтап, оның табандылығы мен еңбекқорлығына ерекше ризашылығын білдірді. Сонымен қатар, бұл жеңістің өскелең ұрпақ үшін үлкен үлгі әрі спортқа деген қызығушылықты арттыратынын атап өтті.
Іс-шара аясында аудан әкімі А. Қарсыбаев Түркістан облыстық №4 олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірті Құлмырза Бексұлтан Нұрланұлына жеңіс құрметіне темір тұлпар сыйлады. Сондай-ақ, чемпионды дайындаған жаттықтырушы – Нұрбол Молдарахметұлы Шаймановқа 500 000 теңге көлеміндегі сертификат табысталды.