Бала неше жастан жұмыс істеуге құқылы?

Жазғы демалыста жасөспірімдер жұмыс іздеп, нәпақа тапқысы келеді. Олар еңбек етіп, тәжірибе жинауға тырысқанымен бұл заңмен қатаң реттелетінін ескерген жөн. Әсіресе жасөспірімнің ата-анасымен келісімшарт жасау, жас мөлшерін ескеру, жұмыстың ауырлығы мен ұзақтығына көңіл бөлу, оның қауіпсіздігі мен құқығының қорғалуын қамтамасыз ету маңызды.

Жазғы демалыс кезінде кей жасөспірімдер құр жүрмей, жұмыс істеп, отбасына көмектесуге тырысады. Парақшаларды тарату, тауар жеткізу, сату, тауарды буып-түю, көлік жуу сияқты жұмыста оларды жиі кездестіруге болады. Ресми мәліметтерге қарағанда, өткен жылы жаз маусымында 15 жастағы 300 бала әртүрлі салада жұмыс істеген болса, олардың 177-сі ұйымдар мен компанияларға орналасқан.

Александра Молчановская, сарапшы: «Статистика мәліметтеріне қарасақ, жұмыс істейтін жасөспірімдер Қазақстанның 4 аймағында тіркелген. Атап айтсақ, Ақмола, Ақтөбе, Павлодар және Шығыс Қазақстан облысында. Жалпы еңбек нарығында жасөспірімдердің азайғанын байқауға болады. Мысалы, 2022 жылы 15 жастағы 508 бала жұмыс істесе, қазір 300 бала жұмысқа орналасқан».

Десе де сарапшылар бұл жалпы нарықтағы жағдайды көрсетпейтінін айтады. Еңбек министрлігінің статистикасына тек ресми деректер тіркеледі дейді. Мысалы, электронды жүйе арқылы жасалған келісімшарт қана статистикалық деректерге енеді. Шындап келгенде жұмыс істейтін жасөспірімдер әлдеқайда көп болуы бек мүмкін. Заңгерлер жұмыс істейтін кез-келген жасөспірімді еңбек келісімшартына отыруға шақырады. Бұл құжатпен тек жасөспірімнің өзі емес, оның ата-анасы да танысып, қол қоюы шарт. Оған қоса заңда шектеулер бар екенін де ескерген абзал.

Евгений Яворский, адвокат: «Заңда баланың денсаулығына зиянды өндірісте, қауіпті аймақта, түнде жұмыс істеуіне, материалдық жауапкершілікке тартуға тыйым салынған. Еңбек келісімшарты жұмыс берушіге түрлі міндеттемелер жүктейді. Мысалы, қандай да бір даулы мәселелер туындаған жағдайда құқықтық тұрғыдан шешуге мүмкіндік береді. Келісімшартсыз баланың жұмыс істегенін дәлелдей алмайсыз».

Заңгерлер 14 жасқа толған бала сабақтан тыс уақытта ата-анасының жазбаша келісімімен жеңіл, қауіпсіз жұмыс істеуге құқылы екенін айтады. Ал 14 жасқа дейінгі балалар тек өнер саласында жұмыс істеуге құқылы. Олар да арнайы ата-анасының рұқсатын алады және қауіпсіздік шараларын барынша сақтауға міндетті.

14 жастан 16 жасқа дейінгі жасөспірімдердің жұмыс уақыты аптасына 24 сағаттан, ал 16 жастан 18 жасқа дейінгі жасөспірімдердің жұмыс уақыты 36 сағаттан аспауы тиіс.