Шымкенттегі Ойқараған көшесіндегі кәріз люктерінің 80 пайызы ашық жатыр дейді тұрғындар. Айтуларынша, жол төсеген компания кәріз құбырын жартылай шағал таспен толтырып, қақпағын алып тастаған не асфальтпен жауып кеткен. Тұрғындар ары-бері өткен балалар түсіп, мертіге ме, көлік түсіп кете ме деп бетін көлік баллоны не түрлі ағаштармен жауып тастаған.
Шымкенттегі Тұран шағынауданы тұрғындарының айтуларынша, екі ай бұрын Ойқараған көшесіне жекеменшік компания жол төсеген. Жұмысшылар тұрғындардың әй-шайына қарамай тартылған кәріз құбырын жартылай шағал тасқа толтырып, люгын сындырған. Содан бері жұрттың тынышы бұзылған.
Үсен Боранбай, тұрғын: «Екі ай болды ғой, екі ай. Екі ай болып жатыр конализацияны жауып тастағанына. Талқандағанына екі ай болды. Екі айдан бері ешкім жылжымайды. Бір жылдан кейін жылжи ма? Мына жерден толып, тасып шыққаннан кейін жылжи ма білмеймін ғой».
Тұрғындардың айтуынша, араларында конализацияны қосуға рұқсат алып қойғандар бар. Қазір олар бұл қызмет үшін ақы төлеп те жатыр. Нәжіс суы аға берсе, құбыр толып қауіп одан да көбеюі мүмкін дейді. Мысалы, қазірдің өзінде бұл жердегі сасық иіс шығып, қолқаны қабады. Тұрғындар бұл бір көшеде емес, кәріз құбыры жүргізілген бірнеше көшедегі жағдай деп түсіндіреді.
Мырзабай Өтелиев, тұрғын: «Зиян болғанда ашық-шашық жатыр ғой бәрі. Мысалы, мыналар канализацияға қосылған. Рұқсаты бар бұлардың. Су ағып жатыр бұларда. Енді қайда кетеді ол сулар. Көршіміз барды құжат тапсыруға. Қабылдамай қойды, ол жақ жабық деді. Тоқтатып қойды. Мына көріп тұрсыз, бала-шаға түсіп кетсе қайтесіз? Түнде көлік түсіп кетуі мүмкін. Машина аударылып кетуі мүмкін мынадан. Су да кетпейді сасиды да ертең».
Қалалық су құбыры және канализация басқармасы Ойқараған көшесі тұрғындарының шағымымен таныс. Басқарма мәліметінше, Тұран ықшамауданында кәріз құбырын салу толық аяқталмаған. Бұл бір көшенің мәселесі емес. Жаңадан жол төселген көшелердің дерлік барлығында кәріз люкі сынған беті асфальтпен жабылған.
Бағдат Байболов, Шымкент қалалық су құбыры және канализация басқармасының басшысы: «Негізгі проблемалардың бірі осы ғой жол салу. Мердігерлер былайша айтқанда бірнеше құдықшаларды көміп кету, оларды сындырып кету, құдықшалардың бетіндегі плиталарын жылжытып кету, сол сияқты фактілер өте көп. Ішіне түсіп кету қаупі өте жоғары. Енді бір оқыс оқиға бола ма деген уайым бар».
Бағдат Байболов жол салу кезінде бүлінген мемлекет мүлкін мердігер компания өтеуі тиіс дейді. Қазірге мердігер компаниялар бүлдірген люк саны жүзден асады. Оның сөзінше, Шымкентте 5 мың шақырым шамасында су құбыры бар. Сәйкесінше осы көлемде кәріз құбыры жұмыс істейді. Кәріз құбыры тартылып, жаңдан жол төселген көшелердің дерлік бәріндегі люктар бүлінген. Жыл басынан бері жүзге жуық люк ұрланған. Ал соңғы 4 жылда 4 жүзден аса люк қолды болған. Басқарма бұл туралы полицияға шағымданғанымен бірде бір люк табылмаған.
Бағдат Байболов, Шымкент қалалық су құбыры және канализация басқармасының басшысы: «Су құдықшасы, кәріз құдықшаларының ашылуы, ұрлануы немесе сынуы бұл ең негізгі проблема болдып отыр. Осы жылдың басынан бері қарай есептегеннің өзінде қазір 400-ге жуық құдықшаларды жауып қойғанбыз».
Басқарма мәліметінше, 1 люктің құны 20 мың теңге көлемінде. Өткен жылы ұрланған, сынған, бүлінген мыңнан аса люк қалпына келтірілген. Оған бюджеттен 20 миллион теңге қаржысы жұмсалған. Байболов қала тұрғындарына ашық жатқан кәріз құбырын көрсе басқармаға хабарлауын сұрайды.