Балалар темір әткеншек пен тот басқан сырғанақта ойнап жүр

фото Егемен.кз

Теріскей шағынауданының балалары темір әткеншек теуіп, тот басқан сырғанақта ойнап жүр. Осылай деген тұрғындар әкімнің қабылдауына келген. Олардың аяқтан тозып, құжат түгендеп жүргеніне 4 жылдан астам уақыт өткен. Ол аздай, ауладағы жер телімінің екі бірдей егесі табылған. Яғни, мемлекеттік акт қағазы өзгенің атында болып шыққан. Ал, бұл проблемаға қатысты Әл-Фараби ауданының өкілдері не дейді? 

Теріскей шағынауданының тұрғындары 2021 жылдан бастап, көпқабатты тұрғын үйдің ауласына ойын алаңшасын салдыруды қолға алған. Ол үшін, халық қатысатын бюджет бағдарламасына қол жинап, тіпті, әкімдікке құжаттарын түгендеуге қол ұшын берген. Алайда, жылдап күткен ойын алаңшасы биыл да салынбайтын болды. Өйткені, балалар ойнайтын орын салынады деген жердің бір емес, екі егесі табылды. Оның бірі, жер телімінен өз еркімен бас тартса, екіншісі міз бақпай отыр дейді тұрғындар.

Гүлжамал Желеуова, Қала тұрғыны: «2021 жылы Еңбекшіден Әл-Фараби ауданына аударды. Біздің алдымызда балалар алаңшасы жоқ. Әл-Фарабидің әкімі Рашид мырза келді. Дауыс жинаймыз деді. Сіздер Еңбекшіден ауысқан соң, 2022 істейміз деген болатын. Одан 2023 — ке өтті. Одан кейін 2024 — ке өттік. Енді қазір госакт шығып тұр. Біреуі қайтарып берді. Ал, біреуі бізбен мүлдем сөйлеспей жатыр. Әкімшілікке жазып жатырмыз. Депутаттарға айтып жатырмыз. Еш жақтан көмек болмай жатыр. Барлық үйдің алдына ойын алаңшалар салынып жатыр. Бізде темір горька мен әткеншек бар. Қайда жазарымызды білмейміз. Әкімдік жер басқармасына жазамыз дейді. Әкімшілілік дауыс жинандар дейді, дауыс жинап қойдық».

Бұрынғы басшының сөзіне сеніп келдік деген тұрғындар, енді кімнен көмек сұрайтынын білмейді. Ал, қазіргі уақытта әкімнің міндетін уақытша атқарушы Ержан Ерланұлы бұл мәселеден хабардар болып шықты. Бірақ, бір жер телімінің екі егесі табылуына қатысты мардымды жауап айта аламады.

Ержан Ерланұлы, Әл-Фараби ауданы әкімінің міндетін уақытша атқарушы: «Заңды, заңсыз екенін айта алмаймын. Осы жерде базада қателік болуы мүмкін. Базадағы қателікті талдадық қой. Ары қарай далалық зерттеу жұмыстары жүргізіліп, соның қорытындысымен белгілі болады. Қалай орналасқан жер учаскесі, қайда орналасқаны. Ары қарай, далалық зерттеу жұмыстарында базада болмай шығуы да мүмкін. Соған сәйкес, арай қарай жер кадастрымен жұмыс істейтін боламыз. Ол кісіде кінәлі емес. Базасы орналасқанына».

Сонда кім кінәлі? Келгеніне үш ай ғана болғанын айтқан Ержан Ерланұлы, бұл мәселені аяқсыз қалдырмаймын деп отыр. Бірақ, үш жыл бойы созбалаңға салынған бұл проблема, бүгін-ертең шешілмесі анық. Сонымен, көпқабатты үй ауласындағы жер, жекенің қолына қалай өтті? Жер телімінің егесі оны сатып алды ма? Әлде сыйға алды ма? Сұрақ бар. Жауап жоқ. Сондықтан, балаларға әлі біраз уақыт темір әткеншек теуіп, тот басқан сырғанақта ойнауына тура келетін сыңайлы.

Нұргүл Жолымбетова