Бас маман: «Пересадка деген понятие бар»

Транспорттың әлегі. Ақжайық шағынауданының тұрғындары бір жылдан бері әкімдіктің есігін тоздырған. 100-ге жуық отбасы қосымша бағытта жүретін автобус қосып беруді сұраған. Дегенмен жауаптылар міз бақпады деп отыр. Талай күннен бері, қоғамдық көлікке жармасып мініп, қысылып баратын тұрғындардың мұңы көп.

Ақжайық шағынауданының тұрғындары бір жылдан бері, жауаптылардың орындалмайтын құрғақ уәдесінен шаршадық деп отыр. Олардың айтуынша, №45 -ші және №70 бағытта қатынайтын автобустан басқа қоғамдық көлік жоқ дейді. Оның бірін Достықтың тұрғындары, енді бірін Қайнарбұлақ саяжайының халқы егеленіп алды дейді. Әсіресе, таңғы, кешкі уақытта автобуспен жүру мүмкін емес деп отыр.

Манас Жакенов,  Қала тұрғыны: «Көлік қамту, бізде №45 жүреді. Ол, Нұршуақ ауданынан жүреді. Достыққа кіреді. Ол жерде 40-50 мың халық бар. Бізге келгенде тұрғындар сыймай қалады. Одан кейін №70 деген автобус жүреді. Қайнар дачада 40-50 мың халық тұрады. Бізге келгенде тағы сыймай қалады. Былтыр да, биыл да, айтылды. Олар минут қосып беріп жатыр. Бірақ, бәрібір бала шаға таксимен жүреді».

Шолпан Әшірова, Қала тұрғыны: «Кешкі жақын үйімізге жету өте қиын. Таксимен қайта беріп, қалтамыз көтермейді. Алған ақшамыз өзімізден артылмайды. Негізі қалада көлік 9-10 ға дейін жүреді. Ал, №45 деген 8-де тоқтап қалады. №70 қана жүреді. Сосын базарға қарай, алашқа бір бағыт ашып берсе, халық базарға бармай тұрмайды. Керек-жарақты сол жақтан аламыз».

Ал, жауаптылар мәселенің шешімін сұраған жұртқа 3-4 аялдама жаяу жүріп, өзге автобусқа мінуді ұсыныпты. Ол аздай, автобусты әне-міне қосып береміз деп, халықты құрғақ уәдеге қарық қылған көрінеді.

Ал салаға жауаптылар, қалтамыздан қағылдық деген тұрғындарға, діттеген жеріне жете алмаса, бірнеше автобус ауыстырып қатынасын деп отыр. Халықтың талабын қазір орындай алмаймыз дейді. Өйткені, жыл соңына дейін кешенді жоба әзірленеді екен. Содан кейін ғана жаңа бағыт қарастырмақ. Бірақ, ол да зерделеу жұмыстарынан соң белгілі болады дейді.

Самат Нұржанов, Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бас маманы: «Кешенді схемаға сәйкес, жүргізу керек. Олай ашуға болмайды. Маған ана жаққа, мына жаққа ашып бер деп айтуға болмайды. Зерттеп, толығымен зерттейміз. Жолаушылар ағыны, жолы қандай бәрін білу қажет.  Структураға сәйкес, пересадка деген понятие бар да. Тікелей Нұршуақтан тікелей базарға жоқ бізде. Бізде емес, негізінде технология бойынша сондай. Пересадканы қарастыру керек. Міндетті түрде. Пересадка болмаса болмайды ол».

«Пересадка деген понятие бар!». Жауаптылардың халыққа айтары осы. Демек Ақжайық елді мекеннің тұрғындары бұдан кейін де таксимен қатынап, тапқанын жолақысына жұмсауды жалғастырады. Болмаса, діттеген жеріне қоғамдық көлік ауыстырып отырып жетуіне тура келеді.

Айта кетейік, қала бойынша 82 бағытта қызмет ететін 1200 ден астам автобус бар. Ал, күнделікті 900-ге жуық қоғамдық көлік қатынайды.

Нұргүл Жолымбетова