Баспаналы боламын дегендер әкімдік жағалап жүр: Олардың кезегі қашан келмек?

Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қала тұрғындарын жеке қабылдап, түйткілді мәселелерімен танысты. Олардың басым көпшілігі тұрғын үйге қатысты сұрақтармен келген. Ал, қабылдау алаңында қалалықтардың проблемасына құлақ асып, жауап беретін кейбір басқарма басшыларын таппадық. Орындарына жауапты мамандарды жолдаған көрінеді. Бұл мәселе тұрғындарға жақпай қалды. 

Шымкенттік бір топ тұрғындар талай уақыттан бері әкімнің қабылдауына кіре алмай келеді. Бұл жолы да кеш қалдық деп отыр. Ал, басқарма басшыларынан жауап алайын десек, қабылдауға да келмепті дейді тұрғындар. Олардың көпшілігі орындарына орынбасарлары мен жауапты мамандарды жіберген. Мәселен, Сара Кенже 2015 жылы кезекке тұрған. Бірақ, баспаналы боламын деген арманына 10 жылдан асты деп отыр. Жалғызбасты ананың айтуынша, тапқан табысы, пәтерақыны төлеуден артылмайды.

Сара Кенже, Қала тұрғыны: «Жазылғаныма үш жыл болды. Келем, кетем, кіре алмаймын. Мен әкім мырзаға айтарым, үй берілсін. Қаншама үй салынып жатыр. Үйдің санын азайтып жатыр. Біз қашанғы квартирада жүре береміз. Айлығымыздың түрі мынау. Не істермізді білмейміз. Тапқан ақшамды тапқан квартирама беремін. Тек квартира үшін өмір сүріп жатырмын».

Ал, жауаптылардың айтуынша, кезекке тұрған адамдардың барлығы ретімен баспаналы болады. Мәселен, биыл 144 азамат пәтер кілтіне ие болды. Ал олар жалдау шартын толық алмады. Сондықтан, оларды тұрғын үй кезегінен шығара алмаймыз дейді жауаптылар.

Көпжан Кенжеханұлы,  Қалалық тұрғын-үй басқармасы басшысының орынбасары: «22 сәуір күні кезекке тұрғын 144 азаматқа баспана рәсімдеу жүргізілді. Бүгінге күнге дейін ол азаматтардың барлығы тұрғын үй шартын алмады. Оларды кезектен шығара алмаймыз. Шығара алмаған себебіміз, жалдау шартына сәйкес, екінші тарап қол қойған жоқ».

Естеріңізге сала кетейік, Шымкент қаласы бойынша 53 мыңнан астам азамат үй кезегінде тұр. Олардың арасында аза қамтылған отбасылар, көпбалалы және жалғызбасты аналар бар. Бұдан бөлек, мүмкіндігі шектеулі жандар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларда баспадан үмітті. Айта кетер жайт, былтыр 6 мыңнан астам адам тұрғын үй кезегінен шығарылған.

Нұргүл Жолымбетова