Шымкент қалалық диагностикалық орталығында бір күндік хирургия әдісі сәтті қолданылып келеді. Бұл тәсіл арқылы науқасқа жеңіл немесе орташа күрделі ота жасалып, сол күні-ақ үйіне жіберіледі. Бір күндік хирургия ауруханалардағы жүктемені азайтып, науқастардың уақытын үнемдеуге мүмкіндік беруде.
Білікті дәрігерлер құрамы таяу күндері 39 жастағы қала тұрғынына шап жарығына ота жасады. Операцияны 20 жылға жуық тәжірибесі бар жоғары санатты хирург Тимур Саламатов жүргізді. Қазір науқастың жағдайы жақсы және амбулаториялық бақылауда.
Шап жарығына жасалған операция міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында тегін жасалды. Ота құны шамамен 150 мың теңгені құрайды.
«Бір күндік хирургия – бұл қазіргі медицинаның тиімді әдістерінің бірі. Науқас үшін ыңғайлы: ауруханада ұзақ жатпайды, отадан кейінгі қалпына келу де жеңіл өтеді. Біз заманауи, аз инвазивті тәсілдерді қолданамыз, бұл науқастың тез сауығып кетуіне көмектеседі», – дейді дәрігер Тимур Саламатов.
Қалалық диагностикалық орталықтың хирургия бөлімшесінде сондай-ақ варикоз ауруы, жарық, диабеттік табан сияқты күрделі диагноздар бойынша ота түрлері жасалады.
Ширек ғасырдан астам уақыт бойы жұмыс істеп келе жатқан орталықта бүгінде 500-ге жуық диагностикалық және 380 зертханалық қызмет түрлері көрсетіледі. Ауысымына 800-ге жуық адам қабылдай алады. Медициналық қызметтер МӘМС шеңберінде қолжетімді.