Еліміздегі ең алғашқы супервизия үйлестіру орталығы Шымкентте ашылды

Түркістан облыстық балалар ауруханасында супервизия үйлестіру орталығы ашылды. Енді мұнда балалар дәрігерлері мен медбикелер ерте жастан ауруларды анықтау және бала саулығын дамыту бойынша түрлі оқытудан өтіп, кәсіби біліктілігін шыңдай алады. Жаңа орталықтың ашылу салтанаты туралы әріптесім  тарқатып айтсын.

Елімізде алғаш рет супервизия үйлестіру орталығы Түркістан облыстық балалар ауруханасының базасында ашылды. Мұнда балалар дәрігерлері мен медбикелер тәжірибе алмасып, кәсіби біліктілігін арттыра алады. Жаңа орталықтың ашылуына Қазақстанның 20 өңірінен келген 70-тен астам медицина маманы қатысты. Сонымен қатар, 6 жоғары оқу орнынан арнайы шақырылған өкілдер де болды.

Балалар ауруханасы базасында ашылған супервизия үйлестіру орталығында тек Түркістан облысы емес, еліміздің әр түкпірінен келген медицина мамандары да тәжірибе жинақтай алады. Бұл үшін орталық заманауи материалдық-техникалық жабдықтармен, муляждармен, интеграциялық тақтамен және жоғары технологиялық аппараттармен қамтылған.

Айта кетейік, супервизия үйлестіру орталығында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының тұжырымдамасына сәйкес оқыту және тәжірибе жинақтау жұмыстары жүргізіледі. Орталықтағы жаттықтырушылардың кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында аурухана базасында 26 мамырдан бастап республикалық тренинг өтіп жатыр.

Лаура Нахыпқызы