Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында оқушыларға ХҚКО-ға экскурсия ұйымдастырылды

фото ХҚКОБҚ

 

Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған «Қазақстан балалары» атты республикалық акцияға «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Шымкент қалалық филиалы да атсалысты. Ауқымды шара республика көлемінде 22 мамыр мен 1 маусым аралығында өтіп жатыр. Шара аясындағы «Кибер Тұмар» күні Халыққа қызмет көрсету орталығында өтті. Мұнда 8-сынып оқушыларына танымдық экскурсия ұйымдастырылды.

Экскурсия барысында оқушылар ХҚКО-лардың жұмыс барысы жайында және мемлекеттік қызметтермен танысты. Офлайн және онлайн түрде көрсетілетін қызметтер түсіндірілді. Оқушылардың ерекше назарын аударған қызмет көрсетуді жеңілдету және жеделдету үшін енгізіліп жатқан заманауи технологиялар мен цифрлық шешімдер болды. Сондай-ақ, оқушыларға жеке мәліметтерді қорғаудың маңыздылығы мен ақпараттық және киберқауіпсіздік туралы негізгі ұғымдар түсіндірілді.

Шолу экскурсиясынан кейін оқушыларға бірнеше жауап нұсқасы бар тақырыптық викториналық ойындар мен байқаулар ұйымдастырылды. Мұндай ойын түріндегі шаралар оқушылардың цифрлық технологияларға деген қызығушылықтың артуына ықпал етері анық.

Іс-шара соңында барлық қатысушыларға Мемлекеттік корпорация қызметі туралы балаларға арналған шолу курсын аяқтағаны жөнінде сертификаттар мен естелік сыйлықтар табыс етілді. Айта кетейік, бұл шара Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің қолдауымен өткізілді. Шараның мақсаты – оқушылардың цифрлық ортада саналы әрі қауіпсіз әрекет етуіне, цифрлық сауаттылықты арттыруға бағытталған.