Көршісінің қоршауын орнатып беретін болды

фото satu.kz
Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы талап қоюшылар М. және Р.-ның жауапкер М.-ға құрылыс-монтаждау жұмыстарын тоқтатуды міндеттеу, құрылысты заңсыз деп тану және құрылысты бұзуды міндеттеу туралы азаматтық істі апелляциялық тәртіпте қарады.
Талап қоюшылар жауапкер жүргізіп жатқан құрылыс нысаны тиісті құжаттарсыз және құрылысы нормаларына қайшы жүргізіліп жатқанын көрсеткен. Жауапкер болса, құрылыс нысаны заң талаптарына сай екені жөнінде уәж келтірген.
Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты сотының шешімімен, талап қоюларды қанағаттандырудан бас тартылған.
Апелляциялық сатыдағы сотта тараптар татуласып, араларындағы дауды өздеріне ыңғайлы шарттар негізінде медиация тәртібімен реттеу және азаматтық іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы өтінішхатпен жүгінген.
Атап айтқанда, жауапкер М. талап қоюшы Р.-мен жер учаскесінің шекаралас бөлігінде өзінің есебінен қоршаудың бағаналарын биіктетіп, өз тарапынан салынып жатқан құрылыс нысанының талап қоюшыларға тиесілі тұрғын үй және өзге де қосалқы құрылыс нысандарына зиянын тигізбейтіндей етіп қоршауға міндеттеледі.
Сонымен қатар, жауапкер М. талап қоюшы М.-мен жер учаскесінің шекаралас бөлігінде өзінің есебінен іргетас, кірпіш, бетон блоктардан тұратын қоршауды соғуды, суағар мен қар ұстағыштарды орнатуды және талап қоюшы М.-ға 800 000 теңге көлемінде өтемақы төлеуге міндеттеледі. Алқа, тараптар арасындағы жер дауын медиация тәртібімен реттеу туралы келісімді бекітті. Талап қоюшыларға мемлекеттік бюджеттен алдын төленген мемлекеттік баж салығы қайтарылған. Сот ұйғарымы заңды күшіне енген.