1 шілдеден бастап Қазақстанда газ бағасы, оның ішінде цифрлық майнингке арналған газдың көтерме саудадағы шекті бағасы белгілі болады. Тарифтер әр аймаққа әртүрлі қойылады. Мың текше метрі 13 мыңнан басталып 76 мың теңгеге жетеді.
Сарапшылардың айтуынша, елде ішкі тұтыну артқан, сәйкесінше газ тапшылығы байқалады. Бұл энергетикалық қауіпсіздікке қатер төндіруі мүмкін. Автогаз да қымбаттаған, бірақ бензинге қарағанда қолжетімді. Сондықтан газбен жүретін көлік саны артып келеді.
Қазақстанда ішкі нарыққа арналған тауарлық газдың көтерме саудадағы шекті бағасы бекіді. Бұл цифрлық майнинг саласына да әсер етеді. Жаңа тариф биыл 1 шілдеден бастап күшіне еніп, бір жылға дейін қолданылады. Мысалы, ең жоғарғы баға Алматы және Астана қаласында байқалған.
Нақтырақ айтқанда мың текше метр газ бағасы 76 686 теңгеге тоқтаған. Ең арзан баға Шығыс Қазақстан облысында тіркелген, ағасы 13 мың теңгеден сәл асады. Ал Шымкент қаласы мен Түркістан облысында мың текше метр газ құны 71 122 теңгеге тұрақтаған. Ресми ақпарат бойынша, Қазақстанда ірі өнеркәсіптік кәсіпорындар мен электр өндірушілер жылына шамамен 2 миллиард текше метрден астам газ тұтынады.
Қазір автогаздың бағасы да қымбаттап жатыр. Мысалы, Шымкентте газдың литрі 85 жеңгеге жетті. Сарапшылардың айтуынша, қазіргі тарифтер кәсіпкерлер үшін тиімсіз. Бұрын шығынды экспорттық табыстармен жабуға болса, қазір ішкі тұтынудың артуына байланысты экспорт көлемі мен пайдасы азайған.
Олжас Байділдинов, ҚР Парламенті Сенаты жанындағы сарапшылар клубының мүшесі:
«Қазіргі таңда өзімізді газбен толық қамтамасыз ете алмаймыз және жағдай одан сайын нашарлайды. Қазіргі 30 пайыз өсім екі жылға созылады, бірақ бұл нәтиже бермейді. Бұл сала либералдандырылуы керек. Себебі газдың өзіндік құны бар және еліміздің аумағы өте кең. Газды жеткізу, тазарту, өңдеу қажет».
Ішкі нарық үшін газды өңдеу арзан әрі тиімсіз. Сарапшылар тауарлық газдың көлемі шамамен 30 миллиард текше метр десе де оның көлемі азайып жатқанына алаңдайды. Шикізат қайта өңделмей Қазақстан газ саласында алпауыт елдердің қатарына кіруі екіталай.
Олжас Байділдинов: «Табиғи газдың да, мұнай өнімдерінің де, тіпті маникюрдің де долларлық құны бар. Ал үш жыл ішінде бағаны реттейміз дегенше девальвация болып, баға қажетті деңгейге жетпейді. Инвестор үшін жағдай түсініксіз, коммерциялық қызығушылық болмаған жағдайда тауар да болмайды».
Дегенмен газбен жүретін көлік саны артып жатыр. Өйткені баға біртіндеп көтерілсе де, автогаз бензинге қарағанда әлдеқайда арзан. Сондықтан жүргізушілердің көбі газды балама ретінде қарастырады.
«Бензинмен салыстырғанда газ бәрібір арзан. 100 теңге болса да. Мен 92-бензинді 203 теңгеге құямын».
«Егер бензин қатты қымбаттаса, адамдар газға көшеді».
Алдын ала болжам бойынша, 2028 жылға дейін Қазақстанда газ тұтыну көлемі 10 миллиард текше метрге артады. Бұл тауарлық газ тапшылығын күшейтіп, елдің энергетикалық қауіпсіздігіне қауіп төндіруі мүмкін.
Дилара Иса