“Мектебім саған мың алғыс” атты соңғы қоңырау салтанатты шарасы өтті

фото ҚАӘБҚ

Бүгін еліміздегі барлық мектептерде соңғы қоңырау сыңғыры естіліп, түлектердің мектеппен қоштасуы ұйымдастырылуда. Үлкен өмірге қадам басқан түлектер сапалы білім мен саналы тәрбие берген аяулы ұстаздарына алғыстарын жаудырып, арнау арнап, алтын ұяларымен қимай қоштасуда. Күні бүгін Түркістан облысына қарасты Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаилов Жаңабазар ауылы округіне қарасты Жаңаталап елді мекенінде орналасқан “Әбдікерім Бектаев” атындағы жалпы білім беретін мектебінде өткен “Мектебім саған мың алғыс” атты соңғы қоңырау салтанатты шарасына арнайы қатысты. Білім беру саласында аянбай еңбек етіп жүрген ұлағатты ұстаздарға алғысын білдіріп, мектеп бітіруші түлектерге сәт-сапар тіледі. Оларға еліміздің болашағы жарқын болуы үшін, оқу оқып, білім көкжиектерін кеңейтіп, ғылым жолында ізденіп, талмай талаптануларына ізгі тілектерін арнады.

Бүгін сіздер өмірлеріңіздің жаңа кезеңіне қадам басқалы тұрсыздар. Қай саланы таңдасаңыздар да, адал болыңыздар, елімізге, туған жерімізге ерінбей еңбек етіңіздер. Білім – болашақтың кілті. Сондықтан алған білімдеріңізді биік мақсаттарға жету үшін пайдалана біліңіздер. Ұстаздарыңызды ұмытпай, үміттерін ақтаңыздар, болашақтарыңыз жарқын болсын ” – деді аудан әкімі.


Қазіргі әлемде білім қоғамның болашағын қалыптастыруда шешуші рөл атқарады. Бұл тұрғыда облыстағы үлгілі білім ордасы саналатын Әбдікерім Бектаев атындағы мектептің маңызы ерекше. Оның қызметі жас ұрпаққа заман талабына сай сапалы білім мен жан-жақты тәрбие беруге бағытталған.

Оқушылардың бойында тек академиялық білімді ғана емес, азаматтық жауапкершілікті, шығармашылық қабілеттерін, ұжымда жұмыс істеу дағдыларын, дербестігін дамыту – мектептің басты мақсаттарының бірі. Мектептің педагогикалық ұжымы оқу бағдарламаларын жетілдіру, оқытудың инновациялық әдістерін енгізу және заманауи технологияларды пайдалану бойынша тұрақты жұмыс жүргізуде, бұл қолайлы және ынталандыратын білім беру ортасын құруға мүмкіндік береді.

Тәрбие жұмысына ерекше көңіл бөлінеді. Әбдікерім Бектаев мектебі құрмет, толеранттылық, азаматтардың жасампаздық және прогрестілікті, жауапкершілік және патриоттық құндылықтар бағытын ұстанады. Білім беру бағдарламалары аясында түрлі іс-шаралар, жарыстар, спорттық жарыстар мен мәдени іс-шаралар өткізіледі.

Шара барысында Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаилов мектеп жанынан ашылған шахмат және робототехника сынды ғылыми бағытта ашылған үйірмелер жұмысымен танысып, оқушылардың осы бағыттағы жетістіктеріне оң бағасын берді. “Мұндай үйірмелер оқушылардың ойлау қабілетін, техникалық сауаттылығын дамытып, болашақ мамандық таңдауға жол ашады. Сондықтан алдағы уақытта осындай бағыттағы үйірмелердің қатарын көбейту қажет,” – деп мектеп басшылығына нақты тапсырмалар жүктеді.

Айта кетейік, 2024–2025 оқу жылының қорытындысы бойынша Қазығұрт ауданында 1892 оқушы 11-сыныпты аяқтап отыр. Оның ішінде 106 оқушы “Алтын белгіге”, 134 оқушы “Үздік аттестатқа” үміткер атанды. Бұл ұлағатты ұстаздардың тынымсыз еңбегінің нәтижесі. Озат оқушылардың көптеп шығуы бұл жалпы мектеп ұжымының еселі еңбегінің арқасында мүмкін болып отыр. Бүгін аудан мектептерінде соңғы қоңырау салтанатты түрде соғылып, мектеп бітіруші түлектерге ерекше көңіл-күй сыйлады. Сондай-ақ, 1-11 сынып оқушылары үшін “Білімім — Отаныма” атты бірыңғай сынып сағаты өткізілуде. Бұл оқушылардың жыл бойғы алған білімін қорытындылайды. Мектеппен қоштасқан түлектердің алар асуы әлі алда. Мектеп ұстаздары оларға ақ жол тілеп, болашақ өмірге басқан қадамдары сәтті болуына тілек айтты.