Әлеуметтік желіде Шымкент қаласы Тұран ықшамауданындағы көшелердің бірінде мопед жүргізуші екі полицейдің көзінше көшеден жаяу жүргіншілер жолына қарай өткені туралы видео тарады. Онда жүргізушіні полицейлер ұстауға тырысқанымен, ол қашып үлгергенін көруге болады.
«Мопед жүргізушісі жол қозғалысы ережелерін бұзып, полицейдің заңды талабын елемей жасырынбақшы болып, қозғалыс қауіпсіздігіне қауіп төндірді. Ер адам ұсталып, жауапкершілікке тартылды».
Шымкент қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі
Сонымен бірге, видеодан жүргізушіні ұстап үлгермеген екі полицейдің бірі жерден тас алып лақтырғанын көруге болады. Мопед жүргізушісі мен полицейдің қылығы әлеуметтік талқыға түсті. Ал Шымкент қалалық полиция департаменті полицейдің әрекетіне байланысты қызметтік тергеу тағайындалғанын, оның бұл әрекетіне құқықтық баға берілетінін хабарлады.
Дилара Иса