Мұғалім: «Айлығымды қысқартып, жұмыстан заңсыз қуды»

Әлеуметтік желіде Түркістан қаласындағы «Жасыл ұрпақ» мектебінің ағылшын тілі пәні мұғалімі жұмыстан қуылғанын мәлімдеді. Айтуынша, мектеп әкімшілігі әуелі жалақысын 150 мың теңгеден 100 мың теңгеге қысқартып, артынан жұмыстан шығарған. Облыстық білім беру басқармасы оқиғаның болғанын растап, мектеп мұғаліммен жасалған келісімшартты үзгенін хабарлады.

«Неге шығамын, не үшін шығамын мен. Не үшін шығамын айтыңшы, себебін айтсаңызшы».

Бұл өзін Түркістан қаласындағы «Жасыл ұрпақ» мектебінің ағылшын тілі пәні мұғалімімін деп таныстырған азаматтың әлеуметтік желіде таратқан видеосы. Видеодан мұғалімнің өзін заңсыз мектептен шығарылғанын, бұған қарсылық танытқанын көруге болады.

Ағылшын тілі пәні мұғалімінің айтуынша, ол 2024 жылдың қыркүйек айынан бастап аталған мектепте жұмыс істеген. Бірақ мектеп қазан айында лицензия алған. Оған дейін айлық жалақы мектеп қызметкерлеріне қолма қол берілген. Жалақы мөлшері туралы келісім құрылтайшымен ауызша жасалған.

«Алайда 2025 жылдың қаңтар айынан бастап менің 150 мың теңге жалақымның бірден 50 мың теңгесі қысқарды. Ешқандай қағаз жүзінде немесе басқалай заң жүзінде маған ескерту жасалған жоқ».

«Отырар» телеарнасы «Жасыл ұрпақ» мектебіне хабарласып, мәселенің мән-жайын анықтауға тырысты. Бірақ мардымды жауап ала алмады. Есесіне мұғалімнің шағымымен облыстық білім басқармасы таныс болып шықты.

«Бұл мәселені Түркістан облысы білім басқармасы назарға алып, тиісті анықтау жұмыстарын жүргізді. Жекеменшік мектепті Білім сапасын қамтамасыз ету департаментінің Түркістан облысының филиалы бақылауға алды. Мекеме бір құрылтайшыдан екінші құрылтайшыға өткендіктен келісімшарт қызметкерлерге қайта ұсынылған. Алайда қызметкер келісімшартқа қол қоймаған», дейді
Түркістан облыстық білім басқармасы.

Білім басқармасының мәлімдеуінше, мұғалімді жұмысқа қабылдау туралы бұйрық рәсімделмеген, сәйкесінше келісімшарт түзілмеген.