Түркістан облысы Қазығұрт ауданы Атажұрт ауылындағы Бауыржан Момышұлы атындағы мектептің дене шынықтыру пәні мұғалімі 8-сынып оқушысына «көрінеу жыныстық сипаттағы әрекеттер жасады» деген күдікке ілініп, қамауға алынды. Полиция тергеуді бастаған. Оқиғадан соң оқушы тұйықталып, мінезі өзгерген. Онымен қазір психологтар жұмыс істеп жатыр.
“Мен сені жақсы көремін деп сөзі өзгере бастады. Содан соң құшақтап, сүйіп, көкірегімнен ұстап, санымнан ұстаған болатын. Сол кезде қолын қайтарған болатынмын”.
Бұл Түркістан облысы Қазығұрт ауданы Атажұрт ауылындағы Бауыржан Момышұлы атындағы мектептің 8-сынып оқушысы. Айтуынша, наурыз айының соңында түнде 37 жастағы дене шынықтыру пәні мұғалімі жеке көлігімен Шымкентке қыдырамыз деп алып шығып, жол жиегіне тоқтап, тиіскен.
Оқушы: “Машинадан алыстау жерде болған. Не істеп жатқанын білмеймін. Теріс қарап тұрған. Машинадан түсіп, бірдеңе болып қалмасын деген ой болды менде. Сосын мен өзім машинадан түсіп әрі қарай үйге жақын бірінші қиылыстан тоқтаған еді. Үйге бара жатсам үйдің жарығы жанып тұр екен. Үйдегілер мені іздеп жатыр екен”.
14 жастағы жәбірленуші отбасындағы бес баланың кенжесі. «Мінезі момын» дейді анасы Гүлжауһан Медетбекова. Ол қызының үйден шығып кеткенін байқамай қалғанын айтады. Мұғалім қызымның өтпелі кезін пайдаланбақ болды дейді ашуланып.
Гүлжауһан Медетбекова, оқушының анасы: «Бұл қыз 14-те. Ең кішкентай қызым. Шыбынға шақтырмай, асырап келе жатырмын бұларды. Сонда кімі бар дегендей тірлік істегеніне қапа боламын”.
Оқиғадан соң оқушы тұйықталып, мінезі өзгерген. Дәм татпай, оқшаулана бастаған. Онымен қазір психологтар жұмыс істеп жатыр. Мектеп әкімшілігі сабақты онлайн оқуға көшірген. Онсыз да жәбір көрген қызыма мектептің екі мұғалімі келіп болған жай туралы жақ ашпауды сұрап қысым көрсетті дейді ата-анасы.
Гүлжауһан Медетбекова, оқушының анасы: «Бұлар қазір өздерін өздерін қорғап, ағайларын қорғап, директорын қорғап, өздерін өздері қорғай беретін болса, сонда оқушылар қайда қалды! «Біздің екі, үш апай ертең жұмыстан босайын деп тұр. Сен мамаң мен папаңа әр нәрсені айта берме. Бәрібір ертең оқитын мектебің ғой» деп әрдеңені айтқан. Менің түсінігімше ол қорқытқанға жатады”.
Десе де мектеп әкімшілігі мұғалімдердің оқушыға қысым жасады дегенімен келіспейді. Керісінше оқушыға педагогикалық, психологиялық қолдау көрсетіп жатқанын айтады. Мектеп директоры оқушы қыркүйек айында мектепке келіп оқиды деп отыр.
Досбол Жамалов, Б.Момышұлы атындағы мектеп директоры: «Біраз көмек қажет ана қызға. Педагогикалық, психологиялық көмек қажет. Сол бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр. Қазір жұрттың бәрі біліп отыр. Мектептегі құрбы құрдастары да біліп отыр. Сондықтан жұрттан алшақтау ұстайды өзін. Қыркүйектен бастап қалыпты жағдайда оқуға тартамыз”.
Күдікті 16 жылдан бері дене шынықтыру пәні мұғалімі болып жұмыс істейді. Бұрын сотты болмаған, отбасылы 5 баланың әкесі. Оның үстінен Қылмыстық кодекстің «Көрінеу он алты жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттерді жасау, сол сияқты көрінеу кәмелетке толмаған адам көрсететін жезөкшелік қызметті, сексуалдық сипаттағы өзге де қызметті алу» бабымен іс қозғалып, қамауға алынған.
Ал оқушыны туыстары оның тұйықталып, оқшауланып кеткеніне алаңдап көзден таса етпеуге тырысып жатыр.
Дилара Иса