Қазығұртта сабақ үстінде қайтыс болған оқушы туралы полиция ақпарат таратты

Түркістан облысы Қазығұрт ауданы Жұмысшы ауылында 6-сынып оқушысы Ұлағат Сейдулланың сабақ уақытында тұншығып қайтыс болғаны жөнінде анасының шағымын жеткізген едік. Ұлағатты буындырып өлтірді деген сыныптасының ата-анасына айыппұл салынғаны, ал бала 12 жасқа толмауына байланысты қылмыстық жауаптан босатылып, іс қысқарғаны айтылған еді. Оқиғаға қатысты облыстық полиция департаменті мәлімдеме жасады.

Түркістан облыстық полиция департаментінің мәліметінше, Қазығұрт ауданы Жұмысшы ауылында 6-сынып оқушысы Ұлағат Сейдулланың қайтыс болуына байланысты Қылмыстық кодекстің 141-бабымен, яғни «Балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамау» бабымен қылмыстық іс қозғалған.

«Тергеу аясында куәлардан, оқытушылардан жауаптар алынды. Жәбірленушілердің барлық дәлелдері мен алынған бейнежазбалар зерттелді, бірқатар қажетті сараптамалар тағайындалды. Сот-медициналық сараптаманың қорытындысына сәйкес жәбірленушінің өлімі тыныс алу жолдарының жабылып, тілдің көмейге түсуінен туындаған асфиксия салдарынан болған».

Түркістан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі

Полиция тергеу кезінде оқушының қайтыс болуы денсаулығының күрт нашарлауынан болғанын анықталғанын жазады. Ұлағат медициналық мекемеге барар жолда қайтыс болған. Оқушының денесінен зорлық-зомбылық, ұрып-соғу, тұншығу белгілері табылмаған. Оқиғаға байланысты әкімдік мектеп директоры мен бес педагог жұмыстан шығарған.

«Тергеу нәтижесі бойынша өлімнің қылмыстық сипаты анықталмады және қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты қылмыстық іс тоқтатылды. Тоқтату туралы бекітілген қаулыны прокурор тексеріп, қабылданған шешімнің заңдылығын қарап шықты».

Түркістан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі

Еске сала кетейік, бұған дейін Ұлаған Сейдолланың анасы ұлы биыл 7 ақпан күні мектеп қабырғасында қайтыс болғанын мәлімдеген. Ойын баласы сыныптасының телефонын тартып алып қашқанда, артынан келіп буындырғанын, нәтижесінде ауа жетпей тұншығып қайтыс болғанын айтқан. Ол бұған мектеп мұғалімдерін кінәлап, оқушыларға дұрыс қарамады деп шағымданған еді. Ол Ұлағатты буындырып өлтірді деген сыныптасының ата-анасына айыппұл салынғанын, ал бала 12 жасқа толмауына байланысты қылмыстық жауаптан босатылып, іс қысқарғанын айтқан.

Тергеу орындары қозғалып, кейіннен жабылған іс құжаттарын таратуға не жариялауға тыйым салып, оған бағынбаған жаңдайда қылмыстық жауапқа тартылатынын ескерткенін жеткізген. Қаралы ана жұмыстан шығарылған мұғалімдердің қайта мектепке жұмысқа келіп жатқанына қарсы болған. Ол ұлы, сүткенжесінің өліміне кінәлілер жазасыз қалмаса деген болатын.

Дилара Иса