Рухани құндылықтарды сақтау ерекше маңызға ие

фото ШАӘБҚ

 

Қазақ халқының рухани құндылықтарының дамуы мен ел тарихын, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын, қазақ халқының болмысын жас ұрпақтың бойына сіңіру тарих алдындағы үлкен жауапкершілік. Осы құндылықтарды бойына сіңірген бүгінгі толқын өз ұрпақтарын да осы бағытта тәрбиелейді. Осылайша ұрпақтар сабақтастығы жалғасып кете береді.

Қазақ халқының рухани құндылықтарын дамыту, өскелең ұрпақты тарих, салт-дәстүр, мәдениет рухында тәрбиелеу – қазіргі заманның маңызды міндеттері. Қазіргі заманда қазақ халқының ұлттық рухани құндылықтарын сақтау мен нығайту ерекше маңызға ие. Мәдени дәстүр, әдет-ғұрып, тарих туралы білім беру өскелең ұрпақтың тұлғасын қалыптастыруда, сондай-ақ ел бірлігі мен берекесін нығайтуда басты рөл атқарады. Өз мәдениетіне терең құрметпен қарайтын азаматтарды тәрбиелеу ұлттық сана мен өз тарихына деген мақтаныш сезімін арттырады. Бұл мақсаттарға жетудің тиімді жолдарының бірі – әртүрлі жастағы адамдарды біріктіретін мәдени-ағартушылық іс-шаралар. Мұндай бастамалар жастарды қазақ халқының бай мұрасымен таныстырып қана қоймай, оларды салт-дәстүрді жалғастыруға, ұлттық бірегейлікті сақтауға, патриоттық сананы дамытуға ықпал етеді.
Осы орайда жуырда Түркістан облысына қарасты Шардара аудандық мәдениет сарайында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған «Жеңіске жетелеген әндер» атты аудандық патриоттық әндер байқауы өтті. Аталған байқауды өткізудегі негізі мақсат — рухани құндылықтарды дамыту мен ел тарихын насихаттау болып табылады. Байқауға қатысуға ниеттілер қатары көп болды. Патриоттық рухты өрге өрлететін, ұлттық құндылықтарды ұрпақ бойына сіңіруге көп көмегі бар мұндай байқаулар Шардара өңірінде көптеп өткізіліп тұрады.
Өскелең ұрпақтың ерлікпен өткен тарихты және халықты біріктіретін құндылықтарды сақтауға деген жоғары қызығушылығы мен шынайы ұмтылысын көрсететін байқауға көптеген жастар белсене қатысты.

Байқауға қатысушылар әндерді ерекше талғаммен іріктеген. Орындау шеберліктері де жоғары, сахнада өзін өзі ұстауы, дауыс мақамы бәрі бәрі де көрермен көңілінен шықты. Байқауға әділқазылық еткендер де осал емес. Қазылық жасаған алқасының құрамы ауданның беткеұстар, маңдайалды мықтылары. Сонымен, қазылар алқасының төрайымы — аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Әнуар Карима Тойшыбекқызы, қазылар алқасының мүшесі – аудандық мәдениет сарайының бөлім меңгерушісі Мәуленова Зәуреш Молдаханқызы, қазылар алқасының мүшесі – аудандық мәдениет сарайының әншісі Жақыпбай Гүлмарал Ержанқызы. Олар әр қатысушының орындау шеберліктерін, дауыс мәнерін, ән мәтінін, мағынасын сарапқа салды. Кіл мықтылар қатысқан байқауда нағыз талантты тап басып тану қазылар алқасына да оңайға түскен жоқ. Әндерді мақамына келтіре орындаған әр қатысушы жүлделі орынның бәріне лайықтыдай. Ән таңдап, орындау шеберліктерін шыңдаған ұстаздарының да еңбегі орасан. Сонымен, «кіл мықтыда, кім мықты» дегендей қазылар алқасы қатысушылардың өнерін сараптап төмендегіше жүлделі орындарды бекітті. І орын Шардара қаласынан Ділдәбек Асылбек, ІІ орын Қызылқұм ауылынан Камалбай Жансезім Ербұланқызы, ІІІ орын Егізқұм ауылынан Сарсенали Мейіржан Дарменұлы лайықты деп танылды. Сонымен қатар, қатысушылар үшін арнайы жүлделер де бекітілген болатын. Шардара ауданы әкімінің арнайы жүлдесімен Қоссейіт ауылынан Талдыбай Раяна, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің арнайы жүлдесімен Алатау батыр ауылынан Пернебек Рамазан Бердібекұлы, қатысқаны үшін арнайы жүлдесімен Сүткент ауылынан Сержан Кәусар, Көксу ауылынан Сейілхан Айзере Балтабайқызы, Қ.Тұрысбеков ауылынан Серікбай Мерей Алибекқызы, Ұзын – ата ауылынан Бекталин Балауса Рүстемқызы арнайы жүлдемен марапатталды. Әр қатысушының еңбегі лайықты бағаланды. Ән әлеміне, өнер әлеміне қанат қаққан таланттар осындай байқаулардан қанаттанып шығатыны белгілі. Қатысушыларға арнайы дипломдар мен сыйлықтар табысталды. Өскелең ұрпақтың бойына патриоттық рухты, ұлттық құндылықтарды сіңіретін мұндай байқаулар алдағы уақытта да ұйымдастырылып тұратын болады.