Сайрамда 9 сынып оқушысы дәрі ішіп уланып қалды

Түркістан облысы Сайрам ауданы Манкент ауылындағы №47 мектептің 9-сынып оқушысы дәрі ішіп уланып қалды. Оқушының әкесі бұған мектеп мұғалімін кінәлайды. Айтуынша, орыс тілі пәнінің мұғалімі сыныптастарының көзінше баласына ауыр сөз айтқан. Мектеп әкімшілігі оқиғаға байланысты тексеру, ал полиция тергеу бастаған.

«Барлық сыныптың көзінше айтты, «еркек емессің» деп айтты… Сосын үйге келдім мен көңіл-күйім болмай».

Оқиға 30 сәуір күні түсте болған. 9-сынып оқушысының әкесі Дилшод Ибрагимовтың айтуынша, мектепте Қазақстан тарихы пәні мұғалімі сабақ өтпегенін әлдекім видеоға түсірген. Мұны мектептің орыс тілі пәні мұғалімі баласынан көрген. «Бұл жалаға шыдамаған ұлым, дәрі ішіп уланды» дейді ол.

Дилшод Ибрагимов, оқушының әкесі: «30 сәуір күні балам мектептен келген соң шешінуге үйге кіріп кетті. Шақырсам шықпады. Сомен кірсем жылап отыр. Не болды десем … «мұғалім сабақ кезінде орнымнан тұрғызып сен неге видеоға аласың, видеоға алу еркектің жұмысы емес, сен еркек емессің» деп ұрысты, қайсы мұғалім десем орыс тілі пәнінен беретін Зухра деген апай деді. «Сонымен ештеңе қылмайды, апай болған соң ұрсады, біздің кезімізде де ұрсып жүрген десем», «папа, мен мына дәріні ішіп қойдым» деді».

Ибрагимов баласын лезде өз көлігімен ауруханаға жеткізген. Ауруханаға кіргенде баласы есінен тана бастаған. Дәрігерлер уақытылы көмек беріп, 4 сағат шамасында асқазанын тазалаған. Оқушы ұйықтататын «м» дәрісін ішкені анықталып, «улану» диагнозы қойылған. Айтуынша, оқушының хәл-жайын сұрап мектеп әкімшілігінен бірде-бір адам келмеген.

Дилшод Ибрагимов, оқушының әкесі: «Дәрі ішкен соң мұғалімі ұрысқан соң мүлде сөйлемей қойды бала. Бір жерге шықса аңдып жүрмін. Сөйлемейді, көңіл-күйі болмайды… Түнде, мысалы бір жерге шықса аңдимын. Тағы бірдеңе болып қала ма балама деп. Қайдасың, қайдасың деп тоқтамай артында жүрмін. Қазір мектепке де жіберуге қорқып жүрмін. Тағы бірдеңе десе, мысалы, кластастары, мұғалім, міне екі үш күн болды мектепке бармайды».

Бұл жайттан мектеп әкімшілігі хабардар. Дәрі ішіп, ауруханаға түскен оқушының сабақ үлгерімі, тәртібі өте жақсы, оның өзіне-өзі қол салғанына сене алмай отырмыз дейді мұғалімдер. 9-сынып оқушысының дәрі ішіп, ауруханаға түскенін орыс тілі пәні мұғалімі де естіген. Алайда ол оқушыға ауыр сөз айтқан жоқпын дейді.

«Сізді ауыр сөз айтты деп жатыр, қалай қарайсыз оған?».
Мұғалім: «Жоқ, жоқ өтірік сөздер. 30 жылдық тәжірибесі бар маманмын. «Ыбырай Алтынсарин» медалін алғам. Бұл класта 5-сыныптан сабақ беремін. Ол баланы ортаға салып, көңіл-күйіне ауыр сөздер айтқаным жоқ. Өйткені ол баланың мінезі өте жақсы. Күліп тұрады. Ол балаға қарсы сөйлеуге жол бермейді. Өте әдепті, тыңдайтын өте жақсы бала».

Пән мұғалімі оқушыға ауыр сөз айтпадым десе де, сынып оқушылары мұғалімдерге айтты деп куәлік еткен. Мектеп әкімшілігі оқиғаның ақ-қарасын анықтау үшін тексеруді бастаған.

Айбек Юсуфалиев,  №47 мектеп директоры: «Денсаулығыма байланысты демалыста едім, бүгін шықтым, шыққаныма екі сағат болды. Қазір осы мәселе бойынша жұмыс жүргізілуде.  Бұл мәселе бойынша сынып жетекшісі, пән мұғалімдерімен сөйлестім. Олардан түсініктеме хат алынған екен. Бірақ балаға артық әңгіме айтылған емес».

Мектеп директоры егер қателік мектеп қызметкерлерінен кеткені анықталса шара қолданылатынын айтады. Ал оқиғаға қатысты Сайрам аудандық полиция бөлімі «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бабымен қылмыстық іс қозғаған.