Шардаралық түлектер дәстүрді жалғастырды

фото ШАӘБҚ

 

Ел тарихына, салт дәстүр мен әдет ғұрыпқа үңілсек ықылым замандардан бері қазақ халқы ағайынға қамқор, бауырға адалдық танытып келе жатқан бауырмал халық. Ел ішінде асар дәстүрі әлі күнге дейін тінін үзбей, жалғасын тауып келеді. Қамқорлыққа зәру жандарға асарлатып үй салып, қор жинап, көмек көрсету қанға сіңген қасиет деуге болады. Рухани құндылыққа негізделген осы игі дәстүрдің озық үлгісін шардаралықтар көрсетті. Мұқтаж жандарды қуанышқа кенелткен түлектердің игі ісіне ризашылықтарын білдірушілер көп.

Түркістан облысы Шардара қаласына қарасты Өтеғұл елді мекенінің Құрманғазы Сағырбайұлы атындағы жалпы білім беретін мектептің 2005 жылғы түлектері (1987-88 жылы туғандар) өздерінің мектепті аяқтағандарына 20 жыл толуын ерекше етіп атап өтті. Олар той тойлағаннан көрі ата дәстүрді жалғастырып, қайырымдылықпен қоштағанды жөн көріпті. Атаулы датаға орай, ауыл түлектері ауыл тұрғынына 4 бөлмелі үйді сыйға тартты. Мектеп біргендеріне 20 жыл болған түлектердің бұл игі ісі көпке үлгі болып отыр. Бұл дәстүр енді жыл сайын жалғасын табады дейді көпшілік. Ақ баталы қариялар түлектердің бұл бастамасын қызу қолдағандарын айтады. Қаражатты ішіп-жегенге жаратпай осылайша бір отбасын қуанышқа кенелту де сауаптың үлкені дейді олар. Баспананы сыйға тарту шарасы салтанатты жағдайда ұйымдастырылды. Іс-шараға аудандық мәслихат депутаты, ауыл биі Б. Раймұханов, мектеп директоры Қ. Садықбеков, ардагер ұстаз М. Әділхандар арнайы қатысып, баспаналы болған отбасын құттықтады және игі іске мұрындық болған түлектерге ризашылықтарын білдіріп, ақ баталарын берді. Көпті көрген көнекөз қариялар бұл игі істі жыл сайынғы түлектер жалғастырып әкетсе нұр үстіне нұр деп отыр. Қуаныш қуанышқа ұласып мұндай игі дәстүр Шардара ауданына қарасты Қауысбек Тұрысбеков ауылдық округіндегі Шоқан Уалиханов атындағы жалпы білім беретін мектептің 2005 жылғы түлектері (1988 жылы туғандар) жалғастырды. Олар да өздерінің 20 жылдық мерейтойлары аясында қайырымдылық шарасын өткізді. Олар ауыл тұрғыны Айжанов Анарбекке жеті бөлмелі тұрғын үйді сыйға тартты. Баспаналы болған отағасы қуанышын жасыра алмады. Игі шараға мұрындық болған қайырымды жандарға деген жүрекжарды лебізін арнады. Салтанатты шара барсында сауапты істі жалғастырушы түлектерге алғыс айтушылар көп болды. Қауысбек Тұрысбеков ауылдық округінің әкімі Аманғани Алтынбеков шараға арнайы қатысып, баспанаға ие болған отбасыны құттықтап, игі іске мұрындық болған түлектерді құттықтап, аудан әкімінің Алғыс хатын табыстады. Әрдайым жақсылыққа жаны құмар жандарды мақтап, марапаттап отыру билік тарапынан да ұмыт қалған жоқ. Алдыңғы буын ағалардың ізін кейінгі толқын інілер жалғайтыны сөзсіз. Жаны жайсаң шардаралықтар осылайша жақсылық жасау марафонын жалғастыра берсе, ауданда мұқтаж жандар азаяры сөзсіз. Шара барысында ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Тәжібай Мырзакелдиев және ауылдық ақсақалдар кеңесінің мүшесі Тағабай Сүлеевтер мейірім мекендеген шағалалы Шардарада осындай тамаша үрдіс қалыптасып келе жатқанына қуанатындарын жеткізді. Ата-баба жолымен жүрген жас толқынның адаспайтындығын да алға тартты. Баспанаға мұқтаж отбасыларға қуаныш сыйлау сауапты істердің бірі екендігін айтып өтті. Енді Шарадараның жыл сайын әр ауылында қоныс тойын тойлайтындардың қатары көбейері айқын.