Шегірткемен күрес нәтижелі болмай тұр ма?

Шегірткемен күресті күшейту қажет. Сондай-ақ, зиянкестердің орнын анықтау, таралу ошақтарынан хабардар болу үшін дрон сатып алмақ. Бұл дернәсілдермен күресу, шығындардың алдын алу үшін тиімді болмақ. Бұл туралы үкімет отырысында белгілі болды. Премьер-министр Олжас Бектенов еліміздің оңтүстік өңірлерінде шегірткенің таралуына қарсы күресті күшейту қажеттігіне назар аударды. Сондай-ақ, өңір әкімдеріне тиісті тапсырмалар жүктеді.

Елімізде шегірткелердің таралуы өңірлер бойынша 2,1 млн. гектар аумақты қамтиды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1 млн. гектарға аз дейді мамандар. Десе де, зиянкестермен күресуге мемлекет қазынасынан 7,1 млрд. теңге қаралып, тиісті жұмыстар атқарылуда. Дегенмен, дернәсілдердің көзін түбейгейлі жоюға жауаптылардың қауқары жетпей отыр.

Айдарбек Сапаров, Ауыл шаруашылығы министрі: «Бүгінгі күні, оңтүстікте жұмыстар жүріп жатыр. Мемлекет тарапынан 7,1 млрд. қаржы бөлінген. Мердігерлер бәрі белгіленген. Оңтүстікте 90 пайыз жұмыс өңдеу жүргізілді. 10 пайызы қалды. Айдың аяғында бітеді. Бірақ, Өзбекстанда шығын басталып жатыр. Олар 50 пайызын өңдеу жасады. Қазір, біз шекара жақты назарға алып жатырмыз».

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың айтуынша, Жамбыл және Түркістан облыстарында зиянкестердің таралуы байқалады. Мәселен, 396 мыңнан астам гектар жер қайта өңдеуге жатады екен. Осыған байланысты, Премьер-министр, қала әкімдерімен бірлесіп, қажетті қорғау шараларын күшейтуді тапсырды.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі: «Өңірлердің әкімдерімен бірлесіп, сапалы, мониторингтік, профилактикалық шараларды күшейтуді қамтамасыз ету керек. Шегірткенің таралу болжамдарын үнемі жаңартып отырып, жедел шаралар қабылдау үшін ведомствоаралық үйлестіруді күшейту қажет. Дәл қазіргі сәтте Жамбыл, Түркістан облыстарына көңіл бөліңіздер».

Сонымен қатар, Олжас Бектенов, зиянкестердің таралу ошақтарын, оның ішінде жету қиын жерлерді тез әрі дәл анықтау үшін дрондар сатып алуды тапсырды. Яғни, дрондар деректерді жылдам жинау арқылы шығындар мен тәуекелдерді азайтады дейді. Ұшу құрылғылары шегіртке ошақтарын ерте анықтап, ескерту және әрекет ету жүйесіндегі маңызды құралға айналмақ.

Нұргүл Жолымбетова