«Шіріп жатырмыз»: Шымкентте сотталушы түзеу мекемесі әкімшілігіне шағымданды

Шымкенттегі №56 мекемеде жазасын өтеп жүрген 60 жастағы Сәрсенбек Егембердиев түрме әкімшілігі заңды құқығымды бұзып отыр деп шағымданды. Оның сөзінше, мекеме әкімшілігі тегін берілетін тамақты сататын көрінеді. Аптасына бір рет қалаға шығу құқығын шектеп, ақша талап етеді дейді. Десе де мекеме әкімшілігі мұны негізсіз деп арандатушылыққа теңеді.
«Біздің жеңілдіктеріміз бар. Қалаға шығып қайту, моншаға түсу. Қазір бір ай болды моншаға түспегенімізге. Шіріп жатырмыз».

60 жастағы Сәрсенбек Егембердиев «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бабымен 4 жылға бас бостандығынан айырылғанын айтады. Жазасын Шымкенттегі қауіпсіздігі төмен қоныс №56 коллониясында өтеп жатқан ол мекеме қызметкерлері қысым жасайтынын мәлімдеді. Сөзінше, заңда көрсетілген құқығын мекеме әкімшілігі шектейді.

Сәрсенбек Егембердиев, сотталушы: «Дүйсенбіден жұмаға дейін қалаға шығу 10 мың теңге. Сенбі күні оптом 5 мың теңгеден шығамыз. Қалаға бір күн шығып, қайтуға біздің құқығымыз бар. Қазақстан Республикасының заңында бекітілген. Оны бұлар қолданбайды. Бәрін жаңағы жаман жағынан қолданады. Бірдеңе десең мекеме қызметкері біледі дейді. Осындай әңгіме. Сонда президенттің қол қойып, бекіткен заңы сатылып жатыр да».

«Мекемеде сотталғандардың күні, түскі тамақ берілмейді, дуана болып өстіп сасып жұмыс істейсің де, кешке барасың су жоқ».

Қоныс колониясындағы сотталушылардың таңғы тоғыздан, кешкі алтыға дейін қала ішінде жұмыс істеуге құқығы бар. Егембердиев осы құқығын пайдаланып, гипстен құрылыс материалдарын жасайтын кәсіпорында нәпақасын тауып жүр. Оны мекеме қызметкері күзетіп жүреді. Егембердиев заңда көрсетілген барлық құқығым сақталсын деп отыр.

Сәрсенбек Егембердиев, сотталушы: «Қазір душымыз жоқ. Мұздай су. Барлығы қысым бізде. Қазір барып ішті түсірсеңіздер қандала басып кеткен. Қандаланың қаны кәдімгі қора жақсы одан. Міне шашымды көріп тұрсыздар. Бұлар тәрбиелеу мекемесі ғой. Бұлар тәрбиелеудің орнына қылмысқа итереді. Қалтаңа анау салып жібереді. Телефон салып жібереді, лезвия салып жібереді деген сияқты. Сөйтеді де қайтарады. Олар сөйлетпеу керек. Адамды, өздері баса-көктеп жүру керек қысқасы».

Оған қоса «асханадағы тамақ сатылады, киімімізді ақшаға жудырамыз» дейді сотталушы. Әрқайсысына белгіленген бағасы бар екенін айтады. Мысалы, киім-кешекті жуу мың теңгеден басталады. «Отырсаң да, тұрсаң да ақша» дейді Егембердиев. Десе де №56 мекемесінің әкімшілігі Егембердиевтің шағымы негізсіз дейді. Мекемеде заңға сай барлық жағдай жасалған көрінеді.

Бағдәулет Төлепберген, №56 мекеме басшысының орынбасары: «Бұл арандатушылық. Мұндай нәрселер ешқашан орын алмаған. Қазіргі таңда прокурорлық тексеру болып жатыр. Құжатын да, қаулысын да көрсете аламын сіздерге. Бұл таза арандатушылық. Мекемеге арандатушылық деп есептейміз. Ақша алып жатыр екен, анау екен ондай нәрсе мүмкін емес. Аптасына бір рет шығады, өзінің өтінішін береді. Мекеме әкімшілігі комиссиямен қарайды».

Бағдәулет Төлепбергеннің айтуынша, мекемені прокурорлар мен СЭС мамандары тексеріп жатыр. Ал сотталушы Егембердиев түрме әкімшілігіне жазбаша шағым түсірмеген. Айта кетейік, №56 мекемесі қоныс колониясы болып табылады. Онда жазасын қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде өтеуге тартылған сотталушылар жатады. Мұнда қазір 208 сотталушы жазасын өтеп жүр.