Шымкенттегі «Жабық» базардың маңында орналасқан Кремлевский көшесіндегі көпқабатты үйлердің тұрғындары үй түбіндегі заңсыз жайма базарды жабуды талап етеді. Айтуларынша, соңғы 3 жылдан бері пайдаланылған заттарды сатушылар тұрғындардың тынышын қашырған. Олардың ретсіз сауданы жоюды сұрап бармаған жері, ашпаған есігі қалмаған. Жергілікті әкімдік пен полиция бұл шағыммен таныс болғанымен, жабайы базарды бірден жою мүмкін емес дейді.
«Міне, мына әйел келеді, 10 сөмкені қояды. Бұл сөмкелерді қайдан алғаны белгісіз. Терезе ашық, кейін тарақаны бар басқасы бар басып ішке кіреді».
Шымкенттегі Кремлевский көшесінде орналасқан көпқабатты үйлердің тұрғындары үй түбіндегі заңсыз жайма базарды жабуды сұрайды. Айтуларынша, соңғы 3 жылдан бері жаяу жүргіншілер жолына жайғасқан саудагерлер пайдаланылған ескі-құсқы заттарды сатып келеді. Айқай-шу, ұрыс-керіс пен қолқаны қабатын иістен тұрғындар мезі болған.
Жаңыл Ғабитова, тұрғын: «Сенбі, жексенбі мүмкін емес, мына жолдарда тұрады. Тіпті темір терсек сатады. Киімдерден басқа темір терсек, бұл не сұмдық. Мүмкін емес, бір сөз айтсақ бізге ұмтылады. Қарғайды, ұрсады, ой сұмдық бұл. Тіпті қыста қатты суық болмағанда отырады. Түсінесіз бе, отырады. Сарайдың артына барып, туалет істеген. Айтатыны жоқ енді. Білмейміз. Терезелерді аша алмаймыз. Иісі шығады, жаман жаман киімдердің сасық иістері мүмкін емес».
Татьяна Евгеневьна, тұрғын: «Осы жерде тұрғаныма 60 жыл болды. Бұл үй маңында мұндай сұмдық болған емес. Білесіз бе, екі күн жұмыста болдым. Бүгін таңертең келе жатсам анау сөмкелерді жайып қойып жатыр. Мына жерден өту мүмкін емес. Кейде базарға барып келе жатқанда да ары-бері өте алмайсың. Жасым 15-те емес, 66 жастамын. Жұмыстан келіп демалам деген ойым көкке ұшты. Сенбі, жексенбі мүлде ұйықтай алмайсың. Айқайлай, шулайды, кейде тіпті орынға таласып ұрысады».
Тұрғындар жабайы базарды жабуды сұрап бармаған жері, ашпаған есігі қалмаған. Нәтиже жоқ дейді олар. Ал саудагерлердің өз айтары бар. Олардың кейбірі бұл бірден бір күнкөріс көзі екенін айтады. Егер әкімдік жақын маңнан арнайы орын бөлсе бұлай күнге күйіп, шаң-тозаңда көше жағалап тұрмайтын едік дейді.
Лариса Забирова, сатушы: «Біз шуламаймыз. Тып-тыныш саудамызды жасаймыз. Маскүнемдердің шулағанына біз кінәлі емеспіз ғой. Тұрғындар шақырады, полицейлер келеді, бізді қуып шығады. Әкімшіліктен келді, қыздар бізге сауда жасау үшін орын беруді сұрадық. Бізге орын берсе болды. Әр адам өмір сүргісі келеді, рас қой».
Жергілікті әкімдік тұрғындардың шағымымен таныс болғанымен жылдар бойы жұмыс істеген ретсіз сауданы бірден жою мүмкін емес дейді. Әкімдік саудагерлерге көше маңындағы «Крытый» базарынан орын ұсынған. Саудагерлер базар ішіне кіруден бас тартыпты.
Керімқұл Мұсабек, Тұран аудандық кәсіпкерлікті қолдау бөлімінің басшысы: «Қазіргі таңда базар жанында бұрыннан келе жатқан жайма базар. Ол бойынша жұмыс жасап жатырмыз. Аулаға шығатын жол бар еді, оны жаптық. Гараз жақты та жаптық. Бірінші кезекте тұрғындардың мәселесін шешу. Сатып жатқан адамдардың бәріне ішке кіру туралы ұсыныс берілген, айына 2 мың небәрі екі мың теңге. Бірақ ешкімнің ішке кіргісі жоқ».
Тұран ауданы әкімдігінің мәліметінше, көше бойында сауда жасайтындардың дені Түркістан обысынан келеді. Олардың саны елуден асады. Бұған дейін полиция көмегімен сауда жасауды тоқтатуды ескерткен, айыппұл салынған. Бірақ ретсіз сауданы тоқтата алмаған. Әкімдік ретсіз сауданың қашан толық тоқтайтыны белгісіз деді. Ал тұрғындардан уақыт беруін сұрады.