Жыландар шымкенттіктердің үй-жайы мен көліктеріне кіріп, жорғалай бастады. Құтқарушылар жыланды ұстап, қала шетіне тасып жатыр. Мамандар улы болмаса да жылан шағып алса түбі өлімге әкелуі мүмкін дейді. Ресми ақпаратқа қарағанда, қалада бір баланы жылап шағып, ауруханаға түскен.
Күн ысығалы Шымкентте жылан көбейді. Бауырымен жорғалаушылар тұрғын үйлер мен аулаларда жиі кездесіп жатыр. Мысалы, биыл құтқарушылар 25 рет жылан аулауға шыққан. Ал өткен жылдың дәл осы кезеңінде 16 шақырту түскен. Жыландар тек аулаларда ғана емес, сарайлар мен гараждардан тіпті автокөліктерден де табылған.
Құтқарушылар ұстаған жыландардың дені улы емес. Десе де адамды шақса оның өміріне қауіп төнбіруі әбден мүмкін. Биыл бір баланы жылан шағып, ауруханаға түсіп, ем алған. Егер дер кезінде медициналық көмек көрсетілмесе соңы өлімге алып келуі мүмкін дейді мамандар. Өйткені жыланның шағуы адам тамырының жұмысын бұзады, дене ісіп, тері қызарып, қышиды.
Мадина Ермаханбетова, О.Орынбаев атындағы жоғары қысымды оттегімен емдеу орталығының бас дәрігері: «Орталықта жылан уына қарсы сарысу бар. Егер науқастың жағдайы ауыр болса бірден екпе саламыз. Жылан шаққан адам дер кезінде медициналық көмек алмаса соңы өлімге әкелуі мүмкін».
Жылан шаққаннан кейін тері қызарып, ісіп, дене қызып, аяқ-қол ұйып не құрысып, тамақ кеуіп кетсе бірден дәрігердің көмегіне жүгініңіз. Мұндайда науқастың бір орыннан қозғамай зақымданған аяқ не қолды байлап, жараны дезинфекциялап, таңу керек.
Мамандар жыланның өздігінен шабуылдауы сирек кездесетінін айтады. Көбіне адамдар байқаусызда не арнайы жыландарға тиіскенде шабуылға көшеді. Сондықтан жыланды көргенде тыныштық сақтап, барынша аулақ кеткен жөн.