Шымкентте «Бақыт мекені» квест өтті

Шымкентте 15 мамыр халықаралық отбасы күніне орай «Бақыт мекеті» атты квест өтті. Онда жеті отбасы бас жүлде үшін бақ сынады. Бас жүлдеге 500 мың теңге тігілді. Қатысушылар жан-жақты өнер көрсетті. Зияткерлік, спорттық және шығармашылық сынақтан сүрінбей өткендер жеңімпаз атанды. Іс-шара қалай өтті, кім жеңімпаз атанды.

Таза ауа, жайлы мекен, отбасылық жылы орта. Шымкенттегі дендросаябақта ұйымдастырылған «Бақыт мекені» атты квест дәл осындай көңіл-күйде өтті. Онда жеті отбасы бас жүлдеге таласты. Олар бәйгеде жылдамдық пен ептілік, тапқырлық пен топтық рұхпен бақ сынады.

Әйгерім Жұмағұлова, Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысы: «Бүгінгі «Бақыт мекені» атты іс-шарамыз бұл үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп істеп жатқан іс-шара. Мақсатымыз енді белгілі. Отбасы бұл еліміздегі ең маңызды институт. Мақсатымыз отбасы құндылықтарын нығайту, арттыру, маңыздылығын арттыру. Бұл жерде екі этаптан тұрады. Біріншісі спорттық жарыс, екіншісі – шығармашылық жарыс. Жалпы жүлде құны 3 миллион 200 мың теңге. 1-орынға – 500 мың, 2-оырнға – 300 мың, 3-орынға – 200 мың теңге».

Сайысқа қатысушылардың жас мөлшері де белгіленген. Отбасындағы ерлі-зайыптылардың жасы 35-тен, ал олардың балаларының жасы 7-12 жас аралығында болуы шарт. Жарыстың бірнеше сатысынан өткен отбасылардың жинаған балын қазылар алқасы есептеп, қорытынды шығарды. Бас жүлдені Ырысымовтар отбасы иеленді. 32 жастағы Наурыз Ырысымовтың айтуынша, отбасындағы бірлік пен ынтымақ, түсіністік олардың бас жүлде алуына сеп болды.

«Бақыт мекені» квесті басты күш отбасының татулығы мен бірлігінде екенін тағы бір рет көрсетті. Мұндай іс-шаралар жақсы көңіл-күймен бірге жақын адамдарды жақындастырып, байланысты нығайта түседі.

Ал сайыс қалай өтті, қатысушылар қандай сынақтардан өтті, кадр сыртында қандай қызықтар болды мұның бәрін «Отырар» телеарнасының арнайы бағдарламасынан көре аласыздар.