Түркістан облысына қарасты Шардара ауданының әкімі Арман Қарсыбаев «Қасиет» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының жаңартылған жұмыс орнымен танысты. Іс-шара барысында әкім орталықта қызмет алушы ардагерлермен кездесіп, пікір алмасты. Әкім құрқол келмепті. Қарияларға арнайы тартуы бар екен. Олардың денсаулығын жақсартуға бағытталған массаж креслосын тарту етті. Қызмет алушылар өз ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын айтты. Аталған орталықта көпті көрген көнекөз қариялар келіп демалып, ем алатындықтан мұнда тағылымды кештер жиі ұйымдастырылып тұрады. Онда қазақ халқының рухани құндылықтарын дамыту, ел тарихын насихаттау, салт дәстүр мен әдет ғұрыптарды дәріптеу мәселесі тереңірек қаузалады. Ақылы дария ақсақалдар бүгінгі жас ұрпақты тамырынан ажырамай ұлттық құндылықпен сусындап өсуі үшін барынша жағдай жасау қажеттігін тілге тиек етеді. Он саусағынан өнері тамған ісмерлер өз қолдарымен тоқыған алаша, кілемдерін көрсетті. Құрақ көрпелер мен ою өрнекпен көмкерліген көрпешелер келушілердің назарын бірден аударады.
Сапар аясында аудан әкімі орталықтың инфрақұрылымымен жан-жақты танысты. Атап айтқанда, кітапхана, еңбек терапиясы кабинеті, массаж кабинеті, психолог және заңгер қызмет көрсететін бөлмелер, спорт залы, асхана, сондай-ақ екі әлеуметтік қызмет көрсетуші мамандардың кабинеттері мен «Тең қоғам» бағытындағы арнайы бөлмелерді аралап көрді. Бұл бастама – аудандағы әлеуметтік қолдау бағытындағы жұмыстардың бір көрінісі. Аудан әкімдігі алдағы уақытта да әлеуметтік әлсіз топтарды қолдау бойынша жүйелі жұмыстар жүргізуді жалғастыра бермек. Кітапханада қариялар еліміздің тарихы туралы арнайы томдықтармен танысуына мүмкіндігі бар. Қазақстан тарихымен толық танысып шығуға болатын үздік әдебиеттер ұсынылған. Орталыққа арнайы ат басын бұрған әкімге ақсақалдар ақ батасын беріп шығарып салды.