Түлкібаста шетел азаматы шұңқырға құлап жарақат алды

Түркістан облысы Түлкібас ауданы Т.Рысқұлов ауылындағы базар маңындағы шұңқырға құлап кеткен 56 жастағы Өзбекстан азаматын төтеншеліктер құтқарды. Жарақат алған шетелдікке дәрігерлер көмек көрсеткен. Жарақат алған адамның жағдайы ауыр дейді дәрігерлер.

Түркістан облысы Түлкібас ауданы Т.Рысқұлов ауылындағы орталық базар маңында ашық жатқан шұңқырға 56 жастағы Өзбекстан азаматы құлап, жарақат алды. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, оған құтқарушылар дер кезінде көмек беріп, дәрігерлерге жеткізген.

Құрылыс шұңқырының тереңдігі 4 метрге жетеді. Жарақат алған адам сол маңда жұмыс істеген. Абайсызда құлап кеткен ол ауыр жарақат алған. Дәрігерлер тиісті медициналық көмек көрсеткен.

«Науқастың жамбасы мен алты қабырғасы сынған. Жабық кеуде жарақатын алған. Өкпесі көгерген. Желкесі сырылған. Травматикалық шок алған. Есін жиғанымен, жағдайы ауыр тұрақты», деп хабарлады Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

56 жастағы Өзбекстан азаматы арнайы дәрігерлер бригадасымен Ташкент қаласындағы ауруханаға ауыстырылды. Ол Қазақстанға нәпақа табу үшін келген.