Түркістан облысында 28 полиция қызметкері тәртіптік жазаға тартылды. Ресми ақпаратқа қарағанда, полицейлер қызметтік тәртіпті бұзған. Ал әлеуметтік желідегі мәліметке сүйенсек, полицейлердің тәртіптік жазаға тартылуы құны 400 миллион теңге тұратын майнинг ферма жабдықтарының жоғалуымен байланысты көрінеді.
Түркістан облысында 28 полиция қызметкері жазаланды. Олардың басым көпшілігі Түлкібас аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері болса, қалғаны облыстық Полиция департаментінде шенді қызметті атқарып келген лауазым иелері. Ведомство погондылардың жазаланғанын растады. Департамент дерегінше, тексеруді ішкі істер министрлігі жүргізіп, бірқатар заңбұзушылықтар анықталған.
«Тексеру нәтижесі бойынша түрлі қызметтік тәртіпті бұзғаны және жұмыстағы кемшіліктері үшін бірқатар қызметкерлер тәртіптік жауапкершілікке тартылды»
Желідегі ақпаратқа сүйенсек, полицейлердің алды қатаң сөгіс алса, енді бірі қызметтен қуылған. Мысалы, Түлкібас аудандық полиция бөлімінің басшысы, полковник жұмыстан шеттетілген. Ал облыстық полиция департаменті басшысының орынбасары қатаң сөгіс алған, әкімшілік полиция басқармасының басшысы қызметінен кеткен. Тәртіптік жаза қолданылғандардың ішінде тергеушілер де бар.
Бейресми ақпаратқа қарағанда, полицейлердің жаппай жазалануы құны 400 миллион теңге тұратын майнинг фермасының жабдықтары тіркелген жүк көлігінің жоғалуымен байланысты. Жүк көлігі жол-көлік полициясының тексеруінен кейін ізім-ғайым жоқ болған көрінеді. Әзірге бұл туралы жауапты департамент ресми ақпарат таратпады.