Түркістан облысында биологиялық белсенді қоспалар шығаратын зауыт салынады

фото ТОӘБҚ

Түркістан облысында биологиялық белсенді қоспалар шығаратын жаңа өндіріс орны іске қосылады. Жобаны Түркияның танымал фармацевтикалық компаниясы ORZAX қолға алған. Зауыт «TURAN» арнайы экономикалық аймағында салынады деп жоспарланып отыр.

Түркияның жетекші фармацевтикалық бренді ORZAX Түркістан облысында биологиялық белсенді қоспалар шығаратын зауыт салуға ниетті. Компания басшылығы мен өңір әкімі Нұралхан Көшеровтің кездесуінде жобаны жүзеге асыру жолдары талқыланды.

Тараптар өндірісті «TURAN» арнайы экономикалық аймағының аумағында орналастыруды ұсынды. Бұл жоба ORZAX компаниясына бірқатар салықтық және әкімшілік жеңілдіктерге ие болуға мүмкіндік бермек.

Акташ Нуреттин,  «ORZAX IIFAC» директоры: «Жобаның жалпы құны шамамен 40 миллион АҚШ долларын құрайды. Шығарылатын өнімнің 90 пайызы экспортқа бағытталады, ал 10 пайызы ішкі нарықта – Қазақстан аумағында сатылады деп жоспарланып отыр. Экспорттық бағыттар қатарында Қытай, ТМД елдері және Орталық Азия мемлекеттері бар. Бұл — компаниямыздың шетелде жүзеге асырып жатқан алғашқы инвестициялық жобасы».

Өндірістік кешен толық іске қосылғаннан кейін жыл сайын 35 миллион қорап биологиялық белсенді қоспа өндіру жоспарланып отыр. Сонымен қатар, 500-ден астам жаңа жұмыс орны құрылмақ. Бұл жоба өңір халқы үшін жаңа еңбек мүмкіндіктерін ұсынып, Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпал етеді дейді жауаптылар.

Нұралхан Көшеров, Түркістан облысының әкімі: «Біз келетін кәсіпкерге, инвесторға дайын ғимаратымен, инфрақұрылымын ұсынатын түрлі программаларымыз бар. Ал жалпы сіздің жобаңызды алдын ала қарап шықтық. Егер де сіздер нақты шешім қабылдасаңыздар, біздің өңірде осы жобаны іске асыру жөнінде. Біз өз тарапамыздан бас-аяғына дейін қолдау көрсетіп қасыңызда көмектесіп жүретін боламыз».

Келіссөздер аясында тараптар зауыт құрылысын жыл соңына дейін бастап, 2026 жылдың соңына дейін толық іске қосуды жоспарлап отыр. Айта кетейік, ORZAX — табиғи негіздегі биологиялық белсенді қоспалар шығаратын Түркияның жетекші фармацевтикалық компанияларының бірі.

Қазіргі таңда кәсіпорын 100-ден астам өнім түрін өндіреді, оның ішінде пробиотиктер, шөп экстрактылары, дәрумендер, Омега-3, коллаген және басқа да қоспалар бар.

Лаура Бабас